Ұлттық экономика министрлігінің басшысының бұрынғы орынбасары Қайырбек Өскенбаев отставкаға кетуі жайлы пікірін және енді немен айналысатынын айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Ұлттық экономика министрлігінің басшысының бұрынғы орынбасары Қайырбек Өскенбаев отставкаға кетуі жайлы пікірін және енді немен айналысатынын айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
"Өз кезінде сенім білдірген Мемлекет басшысына зор алғысымды білдіремін - мен екі рет вице-министр болдым, біріншісінде туризм және спорттың вице-министрі, екіншісінде ұлттық экономика вице-министрі болдым. Отанымның игілігі үшін жұмыс істеуге мүмкіндік бергеніне алғыс айтамын. Әрине, үкімет пен министрімнің сенімін ақтамағаным үшін Мемлекет басшысынан кешірім сұраймын. Өз отставкама тек жақсы жағынан қараймын және маған қатысты дұрыс шешім қабылданды деп есептеймін", - деді Өскенбаев.
Ол енді немен айналысатынын нақтыламады, бірақ бірінші кезекте жұмыстан демалатынын айтты.
"Әзірше ештеңемен айналыспаймын, кішкене болса да демаламын, содан кейін өз қызметімді ұсынамын, жеке секторға баратын шығармын", - деді экс-вице-министр.
Ол Мемлекет басшысының Жер кодексінің нақты қай төрт нормаға мораторий жариялағаны жайлы айтқаны туралы сұраққа жауап берді. "Қазір онда жер комиссиясы жұмыс істеп жатыр, олар қай нормалар жайлы сөз болғанын анықтайды, меніңше білікті мамандар мәселені шешеді", - деді Қайырбек Өскенбаев.
Айта кетейік, осыған дейін Қайырбек Өскенбаев вице-министр болып тұрғанда жер заңнамасына қатысты екі мәрте толық сұхбат берген болатын. Сұхбатында ол жер мәселесі бойынша уайымдап жүрген жұртты сабырлы болуға шақырған еді. "Тағы да қайталап айтамын, уайымын білдіріп отырған адамдарды түсінемін. Егер олар еліміз, жеріміз үшін уайымдамаса, ойларын айтпаса, олар өз болашағын, өткенін және бүгінін бұл елмен байланыстырмас та еді. Мәлімдеймін: қазақстандық жердің бірде-бір миллиметрі шетелдіктерге сатылмайды. Ал егер шетелдік оны жалға алса, оны Қазақстан Республикасының заңында жазылған талаптарды орындау арқылы ғана қолдана алады. Бұған қатаң бақылау жүргізіледі. Сондықтан уайымдамаңыздар, айдап салушыларға ермеңіздер, Президентімізге сеніңіздер, себебі біз оған ұзақ жылдар бойы сеніп келдік және ол елімізді әлемдегі көш бастайтын елдердің біріне айналдырды", - деген еді Өскенбаев сұхбатында.