22 қараша 2016 | 16:20

Министр Мұхамедиұлы: Жаманқұловқа бұл фильмнің шикілігі бар екенін ескерткенмін

ПОДЕЛИТЬСЯ

Арыстанбек Мұхамедиұлы. © Тұрар Қазанғапов Арыстанбек Мұхамедиұлы. © Тұрар Қазанғапов

ҚР мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы "Азаттық" радиосына сұхбат берді. Сұхбатта министр режиссер Талғат Жәнібековтің айыптауы мен Еңлік Сыдықованың "жыныстық бопсалады" деп мәлімдеуіне қатысты пікірін айтты. 


Иконка комментария блок соц сети

ҚР мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы "Азаттық" радиосына сұхбат берді. Сұхбатта министр режиссер Талғат Жәнібековтің айыптауы мен Еңлік Сыдықованың "жыныстық бопсалады" деп мәлімдеуіне қатысты пікірін айтты. 

Талғат Жәнібековтің "Феникс" деп аталатын фильміне қатысты шыққан дауға байланысты Мұхамедиұлы былайша түсінік берді. "(...) Бюджеті - 3,5 миллион доллар. Үлкен ақша. Оның 80 миллион теңгесі (100 миллион теңге болуы керек, салығына ұстайды), былайша айтқанда 2014 жылғы курспен 500 мың доллар алдын-ала төленген. Содан кейін маған Талғат Мұсабаев "Космонавтар туралы фильм ("Феникс" фильмін айтады - ред.) түсірілгелі жатыр. Сен режиссерді қабылдашы" деді. Ішінде Тұңғышбай Жаманқұлов ағамыз бар. (...) Ол кезде Мұсабаев "Қазкосмосты" басқарды. Екеуміз үкіметтік жиналыстарда кездесеміз. Тұңғыш рет космонавтар туралы фильм түсірілгелі жатқанына қуанып кеттім. Содан кейін режиссер Талғат Жәнібеков келді. "Режиссер кім?" дедім. "Режиссері - өзім" деді. "Сценарий авторы кім?". "Сценарий авторы - өзім". "Ал, жарайды. Басты рөлде кім ойнайды?" "Өзім". Мен бірден: "Бұған келіспеймін. Мүмкін, жақсы режиссер шығарсың. Бірақ бұл - үлкен бюджетті фильм. Қасыңа басқа біреуді қосымша режиссер қылып ал, қазіргі уақытта оған мүмкіншілік көп. Ресейден шақырасың ба, Украинадан шақырасың ба" дедім. Ол екінші рет келді де: "Сценарист бір жігітті алдым" деп. Ол да - белгісіз адам. Содан кейін Тұңғышбай ағамызбен кездестік", - деп әңгімеледі министр. 

Осыдан кейін Мұхамедиұлына Талғат Мұсабаев бұл фильмнің "космосқа еш қатысы жоқ" екенін айтқан. Ал сценарийді "Қазақфильм" қабылдаған. Айтуынша, 80 миллион теңгені аударып та қойған. 

"Сосын мен мазасыздандым да, сценарийді алып, түбегейлі анықтап қарай бастадым. Ештеңе жоқ, қосымша режиссер да алмаған. "Бәрін өзім жасаймын, бәрі керемет болады" дегендей. Содан кейін мен айттым: "Сіздер мына алған ақшаға не істедіңіздер, соны әкеліп көрсетіңіздер. Ары қарай бөлінетін 3 миллион доллар - өте үлкен ақша. Оған жауап беретін - менмін" деп. Олар істеген шаруаларының құжаттарын алып келді. Ол құжаттардан олардың ештеңе істемегені бірден көрініп тұрды. Сосын мен бірден Тұңғышбай ағаға: "Тұқа, сіз мына шаруаға араласпай-ақ қойыңызшы. Басқа бір жоба алыңыз. Бұның шикілігі өте көп сияқты" дедім. Бірақ ол кезде Тұңғышбай ағаның "Тұран" фирмасының құрылтайшысы екенін білген жоқпын. "Ол кісінің атақ-даңқы бар, сонысымен әр кабинетке кіреді, жігіттер сол үшін де ол кісіні продюсер қылып алған екен" деп ойлағанмын", - дейді Мұхамедиұлы. 

"Сосын жігіттерге: "Бұларыңыз жарамайды, сіздер бірінші алған ақшаларыңыздың құжаттарын беріңіздер" дедім. Бір аптадан кейін ол жігіттер қайта келді. Егер біз оларға қалған ақшаны берсек, ресейлік "Алдамиса рус" компаниясы өздеріне тағы да 3 миллион доллар беретінін айтты. Олар: "Иә, біз екі жақтап түсіреміз" деді. Мен: "Ресейліктер ақшаны "Тұран" компаниясына аударсын, "Қазақфильм" ақшаны содан кейін аударады" дедім. Олар келісті. Сол кезде "Қазақфильмнің" вице-президенті болған Арман Әсенов деген жігіт: "Ареке, олар "ақша аудармаймыз, түсірілім Мәскеуде болғанда сол жақтағы техникамен қамтамасыз етеміз, ақша сол шығынға кетеді" деп айтты" деді. "Оны анықтаңдар" дедім. Біраз уақыт өткеннен кейін бұлар тағы да: "Енді Ресейге түгел ақша аудару керек" деді. Біз құжаттарды алып, қарастыра бастадық. Сосын бұл кісілер "ол - америкалық компания" (Aldamisa Entertainment LLC компаниясын айтады - ред.) дей бастады. Талғат Жәнібеков бірнеше рет "америкалық компания" деді. Біз ол америкалық компания туралы білсек, ол жұмысын тоқтатқан екен", - деді министр. 

Осыдан кейін министрлік АҚШ-тың Қазақстандағы елшісіне осы айтылған америкалық компания мен ресейлік компанияның қандай қатысы бар екенін анықтап беруін өтініп, хат жазыпты. Алайда олар бұл аталған компанияның бар-жоғын анықтап айта алмапты. Арыстанбек Мұхамедиұлының айтуынша, осы аталып отырған екі компания АҚШ-та және Ресейде екен де, бірақ Америкадағысы жұмысын екі-үш жылдан бері тоқтатқан. 

"Бұлардың бар қоқан-лоқысы - мені қорқытып-үркітіп 3 миллион долларды алып кету. "Мосфильм" болса, бір жөн, "Ленфильм" болса бір жөн - қайдағы біркүндік компанияны ертең біз қай жақтан іздейміз" дедім", - деді министр. 

Ал Еңлік Сыдықованың айыптауына қатысты министр мұның әлдебір тапсырыспен жасалуы мүмкін екенін мәлімдеді. "Еңлік Сыдықова бейнежазбасының аяғында: "Я выступаю в поддержку режиссера. Я требую отставку министра" дейді. Байланысы осыдан-ақ көрініп тұр ғой. Еңлік шыққан кезде "Феникс" фильмі төңірегіндегі тексеріс басталған. Мен қаржы полициясына олардың бопсалаумен 3 миллион долларды алып кеткісі келетінін, алдыңғы қаражаттарының құжаттарының дұрыс емес екендігін айттым. Бізде Республикалық Есеп комитеті тексеріс жүргізеді. Олардың міндеті. "Қазақфильмді" тексерген кезде "Феникске" бөлінген 80 миллион теңге қаражаттың қайда жұмсалғаны жөнінде ешқандай құжаты жоқ, таза емес" деп солар айтты. (...) Еңлік өзінің айыптауын айтып жатып қалай "режиссерді қолдаймын, министр отставкаға кетсін" дейді. Егер сол кезде мен отставкаға кетсем, кім біледі, басқа министр "Фениксті" аяғына дейін тексере ме, тексермей ме? Менің бұл жердегі кінәм - жаңағы 3 миллион долларды оларға жіберткізбегенім, екінші кінәм - түк жұмыс жасалмай желініп кеткен 80 миллион теңгені қайтартып жатқаным. Оған неге көзімді жұмып отыруым керек?", - дейді мәдениет және спорт министрі. 

Ал Тұңғышбай Жаманқұловтың қыспаққа алынып отырғаны жайлы мәлімдемесіне қатысты Мұхамедиұлы "Мен ол кісіні қалай қыспаққа аламын? Ол - тергеу ісінің жұмысы, мен оған қалай араласа аламын? Мен де бәрін тек ақпараттардан ғана біліп отырмын", - деп пікір білдірді. 

Сондай-ақ, министр Жаманқұловтың кепілмен босап шығуына 5 миллион теңге қажет болып, соның ішінде "бір жарым миллион теңгедейін" өз қалтасынан төлеп бергенін айтты. "Тұңғышбай ағамыз "Мені Астанада кездескенде қинады, сөйтті, бүйтті" деді. Мен ол кезде Тұңғышбай ағамызға айттым: "Кешірім сұраңыз. Бірінші, кешірімді халықтан сұраңыз. Екінші, Жүргенов академиясынан сұраңыз. Бүкіл академияның атына кір келтіріп, балағаттадыңыз. "Академияда сондай, бәрі мұндай" деп. Үшіншіден, театр қоғамынан кешірім сұраңыз. Елдің бәрі кино саласында тек қана ұрлайды деп ойлайтын болды. Содан кейін Еңліктен де кешірім сұраңыз. Сіз неге ол қызды ойлаған жоқсыз. Келешекте ол қыздың өз өмірі бар. Орысша нашар білетін қыз. Оған орысша текст жазып берді. Камера қойып, былай сөйле деп айтты" дедім", - деді министр сұхбатында.

Еске салайық, Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының бұрынғы студенті Еңлік Сыдықова министрді бөтен оймен тиісті деп айыптаған болатын. Видеода қыз 2011 жылы Мұхамедиұлы ректор болғанда академияға ақшаға түсіріп беретінін айтты және екіұшты ұсыныстар айтты деп мәлімдейді. Ал Мұхамедиұлы өз кезегінде бұл мәлімдеменің шындыққа жанаспайтынын мәлімдеген. Осыдан кейін БАҚ-тарда тағы бір қыздың министрі "тиісті" деп айыптағаны жайлы хабар тарады. Ал кейін ҚР мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы ар-намысы мен абыройын сотта қорғайтын болатыны хабарланды.

Читайте также
Join Telegram
Лого TengriSport мобильная Лого TengriLife мобильная Иконка меню мобильная
Иконка закрытия мобильного меню

Валюта бағамы

 494.98   521.17   4.92 

 

Ауа райы

 

Редакция Жарнама
Социальные сети