ҚР Білім және ғылым министрлігінің Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің басшысы Зәбира Оразалиева ата-аналарға мультфильмді балаларымен бірге қарап, оларға қандай кейіпкердің жақсы, қандай кейіпкердің жаман екенін бірден түсіндіріп отыруды ұсынады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
ҚР Білім және ғылым министрлігінің Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің басшысы Зәбира Оразалиева ата-аналарға мультфильмді балаларымен бірге қарап, оларға қандай кейіпкердің жақсы, қандай кейіпкердің жаман екенін бірден түсіндіріп отыруды ұсынады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Комитет төрағасының блогына Спанч Боб туралы мультфильм жөнінде түсінік беруді сұраған өтініш келіп түсті. Осы жылдың қыркүйек айында комитет басшысы мұндай мультфильмдердің бала тәрбиесіне кері әсер ететінін айтқан болатын. Сауал жолдаған азамат Спанч Бобтың кеңес мультфильмдері, мысалы, "Қап, бәлем, тұра тұр!" кейіпкерлерінен несі жаман екенін сұрады.
"Онда біздің кейіпкер (қасқыр) темекі шегеді, бұзақылық жасайды, ұрлық қылады, тағысын тағы. Одан Спанч Бобтың айырмасы - бірде-бір рет темекі шеккен емес. "Балақай мен Карлсон" мультфильмінде Карлсон де бұзақылық жасайды, люстраларды құлатады, қорқытады, ұрлық қылады, ойыншықтарды лақтырады, тағы сол сияқты. Біз ол мультфильмдерді асыға күтетін едік. Аузымызды ашып қарайтынбыз. Бірақ ол мультфильмдер бізді жамандыққа баулиды деп әсте ойламаппыз. Неліктен онда Сіз оларды қарамауды ұсынбайсыз немесе соған кеңес бермейсіз?" - деп жазады ата-ана, ол Оразалиевадан Спанч Бобқа балама ретінде қандай дүниені ұсынатынын сұрайды.
"Бұл мультфильмнің жағымсыз әсері туралы айтқаным - менің жеке пікірім. Оған қоса, Американың Виргиния штаты университетінің ғалымдары бұл мультфильмнің 4 жасар балалардың психикасына әсерін зерттеудің нәтижесінде (Pediatrics журналындағы жарияланым) "Шаршы дамбал киген Боб сусорғышы" мультсериалы балалардың зейін қою қабілетіне кері әсер етіп, ақыл-ой мүмкіндіктерін төмендетеді деген қорытындыға келді", - деп жауап берді Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің басшысы.
Оның айтуынша, кеңес мультфильмдерінің баланың тәрбиесі мен дамуына оң әсері талассыз мол және көптеген танымал психолог осындай пікірде, өйткені оларда кейіпкерлер "жақсы", "жаман" деп дәл ажыратылады.
"Кеңес мультфильмдері балалар тілінің дамуын ескере отырып жасалды, өйткені кішкентай кезінде балалар дұрыс және әдемі сөйлеп үйренуі керек; сонымен бірге, ойлау қабілетінің, зейін қою, елестету, есте сақтау қабілеттерінің дамуын ескере отырып жасалды, ол мультфильмдерде тәлім беретін жағдайлар бар, олар баланың зейінін түгел баурайды, келешекте қажет болатын заттарды жаттап алуға ықпал етеді", - дейді Оразалиева.
Бұдан соң ол Спанч Бобқа балама болатын дүниелер туралы айтады: "Интернет пен теледидардың мүмкіндіктері балаға көп мультфильм ұсынады, бірақ мен бұрыс әрекеттердің алдын алу мақсатында ата-аналарға теледидарды балаларымен бірге қарап, қай кезде кейіпкердің дұрыс, қай кезде бұрыс істегенін түсіндіріп отырған жөн деп есептеймін. Немесе мультфильмдерді қарап болған соң талқылау керек".