"Білім және ғылым министрлігі биылғы грант бойынша сұрақтарға қосымша түсіндіру жүргізуді ұйғарды. Тұрғындар мен БАҚ-тың сұрақтарына ҚР БҒМ Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментінің директоры Гүлзат Көбенова жауап берді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
"Білім және ғылым министрлігі биылғы грант бойынша сұрақтарға қосымша түсіндіру жүргізуді ұйғарды. Тұрғындар мен БАҚ-тың сұрақтарына ҚР БҒМ Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментінің директоры Гүлзат Көбенова жауап берді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
"Кез келген ата-ана мен талапкер білім грантынан үмітті екені түсінікті. Биыл министрлік бакалавриат бойынша грант санын 6 мыңға өсірді. Дегенмен, таңдау барысында ескеретін жайт - әртүрлі мамандық бойынша бөлінген гранттар саны да біркелкі деңгейде емес. Нәтижесінде әр мамандық бойынша білім грантын алу үшін белгілі бір деңгейде балл жинау қажет. Дегенмен, бұл - жаңалық емес. Былтыр да, алдыңғы жылы да осылай болған. Сол себепті талапкерлер мамандықтарға қандай бәсеке болатынын білулері үшін әр мамандық бойынша бөлінетін гранттар көлемі жыл сайын ҰБТ өткізілгенге дейін белгілі болады", - делінген түсінікте.
Сондай-ақ, мамандық таңдау талапкерлер мен олардың ата-аналарының таңдауы екені айтылады. Ведомство өкілінің айтуынша, көбіне заң ісі, қаржы ісі сынды танымал, сондай-ақ, грант саны аз болінген мамандықтарға сұраныс түседі. Оған қоса, талапкерлер нақты бір ЖОО таңдайды. Сондықтан грант алу үшін ҰБТ ұпайлары әртүрлі мамандықтар мен ЖОО-ына қарай өзгешеленеді екен.
Сонымен қатар, ата-аналар ауыл квоталары мен жеңілдіктерді пайдаланатын басқа да категориядағы адамдардың бар екенін де ескеру тиіс, дейді министрліктегілер. Ондай талапкер, айтуларынша, ҰБТ-дан алған ұпай санының төмен болғанына қарамастан грант иегері атанады. Бұл да жыл сайын қайталанатын жағдай.
"Алтын белгі" иегерлері қолданыстағы заңға сәйкес жеңілдік ала алады. Министрлік олардың ҰБТ-дан алған ұпай санын өзге талапкерлерге теңеген заң жобасы қарастырылуға берілген, бірақ әлі қабылданбады. Ол заң күзде қабылдануы мүмкін, сонда ғана "Алтын белгі" иегерлеріне берілетін жеңілдіктер жойылып, басқалармен тең дәрежеде қарастырылады. Қайталап айтқанда, құрамына ЖОО Ассоциациясының, «Атамекен» ҰКП-ның, кәсіподақтар мен басқа да қоғамдық ұйым өкілдерінен кірген республикалық комиссия өз шешімдерін қолданыстағы заң талаптарына сәйкес қабылдаған", - делінген хабарламада.
Мұнымен қатар, Ұлттық тестілеу орталығы бүгін қоғамдық қабылдау бөлмесін ашып, әр ата-анамен жеке түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Қазіргі уақытта +7 (71 72) 69 50 76, 69 52 61 номерлеріне хабарласып, қауырт желі арқылы қажетті ақпарат алуға болады.
"Министрлік жоғары балл алған талапкерлерге ЖОО-ның грант тарының бөлінуіне ұсыныс жасайды. Сонымен қатар, министрлік биыл әр облыс әкімдерінің гранттарының бөлінуіне жағдай жасады. Алдағы 2 апта ішінде әкімдіктермен осы бағытта жұмыс жасалады. Бірде-бір талапкер назардан тыс қалмайды", - деп атап өтті Гүлзат Көбенова.
Еске салайық, кеше биылғы білім гранты иегерлерінің толық тізімі жарияланған еді.