ҚР Білім және ғылым министрлігінің өкілдері Қамбар батырды мектеп оқулығында "арақ ішті" және "шылым шекті" деп келтірілген жолдарына қатысты шыққан дауға түсінік берді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
ҚР Білім және ғылым министрлігінің өкілдері Қамбар батырды мектеп оқулығында "арақ ішті" және "шылым шекті" деп келтірілген жолдарына қатысты шыққан дауға түсінік берді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Әлеуметтік желілердің қолданушылары қазақ мектептеріндегі 9 сыныптарға арналған әдебиет хрестоматиясындағы жыр жолдарына наразы болды. Онда Әбубәкір Диваевтың "Қамбар батыр" жыры жарияланған. Оқулықта эпос батыры мектеп оқушыларының алдында ішетін және шылым шегетін адам ретінде танылады. Интернет қолданушылардің басым бөлігі жырдың түпнұсқасында мұндай сөздердің жоқтығын айтқан еді.
Алайда, ҚР Білім және ғылым министрлігінің өкілдері бұл туындының 19 нұсқасының бар екендігін айтты. Ал оның 11-12 нұсқасы ғылыми айналымға түскен. Оқулыққа енген жыр нұсқасы ең алғаш 1864 жылы Қазан қаласында басылған. Одан соң 1922 жылдардың шамасында Ташкент қаласында басылған. Осы нұсқалар Әбубәкір Диваев нұсқасы делінеді.
Сонымен қатар, жырдың бұл нұсқасын ауыз әдебиетін зерттеуші ғалымдардың "классикалық нұсқа" дейтіні аталып отыр. "Осы Диваев нұсқасы Елбасының қолдауымен 2008 жылы шыққан 100 томдық "Бабалар сөзінің" 43-ші томында, яғни "Батырлар жырында" "Қамбар батыр" жырының мәтіні берілген. Кітаптың 43-бетінде хрестоматияға берілген мәтін сол күйінде бар. Сонымен бірге, 1957 жылы Қазақ ССР Ғылым академиясы шығарған "Қамбар батыр" жырының 49-бетінде осы мәтін сол күйінде берілген. Хрестоматия құрастырушылар осы Ғылым академиясы шығарған 1957 жылғы және 2008 жылғы “Бабалар сөзі” кітаптарына сүйеніп, соны басшылыққа алған", - деп хабарлады ҚР БҒМ өкілдері.
"Ал осы мәтінді хрестоматияға енгізгенде оқушыларды жаманнан жиренуге және керек емес нәрсені өздері іріктеп, әрі қарай басқа да нұсқалармен салыстыруға бейімдеу. Жырдың көптеген нұсқасы барын және оның көркемдігін мұғалімдер оқушыларға оқулық арқылы түсіндіреді. Сол себепті де ұлттық мұрамыздың мәтінін бұзбай, сол күйінде беру біздің парызымыз", - делінген министрлік хабарламасында.