Алматы облысындағы Еңбекшіқазақ аудандық орталық ауруханасында ота жасатқан науқастың туыстары мекемедегі мәйітхана қызметкерлерінің үстінен шағымданды. Олар Tengrinews.kz тілшісіне берген сұхбатында дәрігерлер науқастың ампутацияланған аяғын алып кетуді немесе көміп беру үшін 10 мың теңге төлеуді ұсынғанын айтып отыр.
Алматы облысындағы Еңбекшіқазақ аудандық орталық ауруханасында ота жасатқан науқастың туыстары мекемедегі мәйітхана қызметкерлерінің үстінен шағымданды. Олар Tengrinews.kz тілшісіне берген сұхбатында дәрігерлер науқастың ампутацияланған аяғын алып кетуді немесе көміп беру үшін 10 мың теңге төлеуді ұсынғанын айтып отыр.
72 жастағы ер адам 2017 жылдың 27 қарашасында ота жасатқан. Ол ауруханаға "аяқ тамырларының атеросклерозы" диагнозымен түскен, мұны медициналық мекемедегілер де растап отыр. Сондай-ақ, ер адамның көзі көрмей қалғаны да айтылады. Ота жасатқаннан кейін, туыстарының айтуынша, ауруханада мүгедекке кесіп алынған аяқты алып кету немесе оны көміп беру үшін 10 мың теңге төлеу ұсынылған.
"Дүйсенбіде аяқты өзімен бірге алып кету керектігін айтты. Алып кеткілеріңіз келмесе, 10 мың теңге қалдырып кетіңіздер дейді. Сонда сұрақ: бұл аяқты не істейміз? Қайда сақтаймыз, қайда апарамыз? "Өзімен бірге алып кетуі керек деген талапты тұңғыш рет естіп отырмын. Менің білуімше, аяқты мәйітханаға өздері тапсыруы тиіс, сосын олар не өртейді, не көмеді" дедім", - дейді мүгедектің туыстары.
Өз кезегінде Еңбекшіқазақ аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері Болат Балақойшиев шын мәнінде мұндай жағдайдың тәжірибеде бар екенін айтып отыр. Науқастың тарапы кесіп алынған дене мүшесін өзімен бірге алып кететін жағдай бар екен. Алайда, айтуынша, науқастың тарапынан ақша мүлдем алынбайды.
"Үш күн бұрын оған ота жасалды. Тізеден жоғары қарай бөлігі кесіп алынды. Бұл - атеросклероз. Аяғы шіріп, қарайып кеткен. Мұндай жағдайда аяқты кесіп тастау қажет болады. Кесіп алынған дене мүшесін туыстары өздері әкетіп, жерлейді. Ал туыстары алмайтын болса, мәйітханаға тапсырып, оны әкімдік көмеді. Кейде құжаты жоқ, туысы жоқ мәйіттер түсіп жатады. Олармен бірге көмеді. Ал мұндай адамнан кім ақша сұрасын? Көзі көрмейді, жүре алмайды. Тіпті туыстары да келмеген", - дейді Балақойшиев.
Сонымен қатар, бас дәрігер бұл мәселені өз бақылауына алатынын айтты. Ер адамның жағдайы тұрақты екен. Ол шамамен 7 желтоқсанда ауруханадан шығарылады.