Алматылық мультипликатор Глеб Пономарев қазақ хандығы жауынгерлерінің суретіне "жан бітірді". Tengrinews.kz тілшісі автордың таңғажайып туындысымен танысып, сурет қалай жасалғанын білді.
Алматылық мультипликатор Глеб Пономарев қазақ хандығы жауынгерлерінің суретіне "жан бітірді". Tengrinews.kz тілшісі автордың таңғажайып туындысымен танысып, сурет қалай жасалғанын білді.
Мультипликатор бұл видеоны жасау барысында қазақ суретшісі Талғат Тілеужановтың қазақ хандығы жауынгерлерін бейнелейтін "Әбілқайыр" суретін негізге алған. Пономарев бұл жұмысқа 30 сағатқа жуық уақыт жұмсаған. Керемет туынды бір күн бұрын, яғни 15 ақпанға қараған түні аяқталған.
"Суретті алғаш көргенде оның атмосферасына таңғалдым. Жоңғар шапқыншылығы кезеңіндегі қазақ хандығының жауынгерлері (болжамым бойынша) шайқасқа дайындалып жатыр. Суретте жауынгерлердің қатал, батыл жүздері әдемі бейнеленген. Суреттегі эмоцияны басқаларға жеткізгім келіп, дереу іске кірістім", - деп жазды видео авторы әлеуметтік желіде.
Пономарев қазіргі БАҚ-та, кинода және әлеуметтік желілерде қазақ өнерінің туындылары көбірек болғанын қалайды.
"Қазір жастар түрлі сурет көрмелеріне бармайды. Бірақ олар әлеуметтік желідегі видеоларды қызығушылықпен көреді. Сондықтан екі форматты біріктірсек жастарға тарихымызды, өнерімізді кеңінен насихаттайтын едік. Бұл менің жастарға тарих пен өнерді кеңнен насихаттауға қосқан кішкене ғана үлесім", - деді ол.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Автор суретке "жан бітіру" үшін әр кейіпкер мен затты, сондай-ақ тауларды, аспанды, жерді бірнеше бетке бөлген. 100-ден аса бет бар, Пономарев әрқайсысын қолмен өңдеген.
"Кескіндемедегі басты қиындық - кенептің көп бөлігінде кейіпкерлердің болуы, аспан мен шөп аз ғана жерді алған. Бәрін қолжетімді ашық қордан алдым. Дала мен аспанды жасау үшін басқа суреттерді қолдандым. Мысалы, Есенғали Садырбаевтың "Дала" картинасынан фонды алдым.
Кейіпкерлерде мінген жылқысы көрінбегендер бар. Алдыңғы қатардағы адамдар ат үстінде тұр, бірақ артта тұрғандардың аттары көрінбейді. Сондықтан жылқыларды шетелдік суретшілердің жұмыстарынан алуға тура келді. Жалпы, бәрі үйлесімді болып шықты. Түске өзгеріс енгіздім, анимация жасадым", - деп түсіндірді Глеб.
Бұл автордың кейіпкерлерге "жан бітірген" алғашқы жұмысы емес. Оның айтуынша, ол бейнелеу өнерін өте жақсы көреді және бос уақытында осындай ерекше видеолар жасауға тырысады.
Картина авторы, суретші Талғат Тілеужанов мультипликатордың жұмысы ұнағанын, бірақ бір тұсы дұрыс жасалмағанын айтты. Автор картинаның бір ғана фрагментін (Әбілхайырсыз) пайдаланып, соны бейнелеген. Суретте Аңырақай шайқасы басталар алдындағы оқиғалар бейнеленген.
"Идея екі картинадан (диптих) тұрады. Пономарев олардың біреуін ғана қолданды. Диптихтің екінші суреті бар, бұл - жауынгерлер мен хан қарап тұрған сурет. Ол - "Жекпе-жек" (Әбілмансұрдың Шарышпен жекпе-жегі).
Бірақ Пономарев мұны білмеген. Себебі, ол суретті кездейсоқ, Интернеттен алған", - деді суретші.
Тілеужанов бұл картинаны салу үшін бір жыл жұмыс істеген. Қазір ол Қазақстан Президентінің Резиденциясында тұр.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!