Ресей Федерациясының Федералдық жиыны Мемлекеттік Думасының төрағасы Сергей Нарышкин Ресейге енгізіліп жатқан санкциялардың нағыз мәні туралы айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Ресей Федерациясының Федералдық жиыны Мемлекеттік Думасының төрағасы Сергей Нарышкин Ресейге енгізіліп жатқан санкциялардың нағыз мәні туралы айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
"Санкцияларға келсек, оларға біздің көзқарасымыз бір: санкциялар тұрпайы саяси әрі экономикалық қысым мен шантаждан басқа ештеңе емес. Олар халықаралық құқық нормаларына және Дүниежүзілік сауда ұйымы ережелеріне сөзсіз қайшы келеді", - деді Нарышкин Астанада Тұңғыш Президент күніне орай өтіп жатқан "Президент. Парламент. Интеграция" атты халықаралық конференцияда.
"Өздерін құқықтық мемлекет атайтын кейбір елдердің мұндай әрекетке баруға құқы жоқ. Бұл - әдепсіздік", - деді ол.
Нарышкин Украинадағы оқиғалар туралы да ойын білдірді. "Бірнеше күн бұрын майдан бір жылдығын атап өтті. Содан не болды? Елде шиеленіскен дағдарыс, мыңдаған адамның өліміне және мүгедек атануына соқтырған азаматтық соғыс болып жатыр; экономика құлдырау жағдайында, олигархтық басқару. Еуроодақ Украина азаматтарының Еуропа одағы елдеріне бару тәртібін қатайту шараларын талқылап жатыр", - деді ол.
"Бауырлас украин халқы үшін жанымыз қатты ауырады. Елге биік деңгейдегі шенеунік келіп, коалиция мен жаңа үкіметтің құрамын жасақтауы үшін ондаған мың адамды өлтіріп, зақымдаудың, экономиканы құлдыратудың, тұрғындардың өмір сүру деңгейін төмендетудің не қажеттілігі болды? Мұхиттың ар жағындағы бұл шенеунік онсыз да жоғары тұғырда", - деді ол.
Мемлекеттік Дума төрағасы жуырда Украинада өткен сайлаудан кейін "ешкімге керегі жоқ санкциялардың емес, Украинаның орталық билігі мен Донбасс өкілдері арасында тұрақты диалог орнату жөніндегі нақты қадамдардың қолға алынатынына және Минскіде қол жеткен уағдаластықтар арнасында байланыс орнайтынына" үміт білдірді.