Динамикалық даму және көпжылдық проблемаларды шешу: Ерболат Досаев Наурызбай ауданының тұрғындарымен кездесті.
Динамикалық даму және көпжылдық проблемаларды шешу: Ерболат Досаев Наурызбай ауданының тұрғындарымен кездесті.
Алматы әкімі Ерболат Досаев биыл 10 жасқа толатын Наурызбай ауданының тұрғындарымен кездесу өткізді. Қала басшысы мегаполистің ең жас ауданының қарқынды әлеуметтік-экономикалық дамуын атап өтіп, тұрғындардың сұрақтарына жауап берді.
Мәселен, 2024 жылы аудан бюджеті 23 млрд теңгені құрады. Бірінші жартыжылдықта жұмыс істеп тұрған бизнес субъектілерінің саны 15% - ға өсіп, салық түсімі 60% - ға, 25 млрд теңгеге дейін өсті. 1 800 жаңа тұрақты жұмыс орны құрылып, 100 мың шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді.
Аудандағы өзекті мәселелердің бірі тұрғындарды үздіксіз сумен және су бұрумен қамтамасыз ету болып қала береді. Осыған байланысты Ақжар, Қарағайлы шағын аудандарында жаңа инженерлік желілер салынуда. Наурызбай ауданы мен Алматы облысындағы екі ауылдың 200 мыңнан астам тұрғынын сапалы сумен қамтамасыз ететін "Қарғалы" және "Ақсай" су қоймаларының құрылысы бойынша ауқымды жобалар аяқталуға жақын.
Бүгінде қалаға қосылған ауданда электр желілерінің 85%-ы тозған. Ауданды тұрақты электрмен жабдықтаумен қамтамасыз ету үшін алты шағын ауданда электр желілерін реконструкциялау жүргізілуде. Нәтижесінде желілердің тозуы 30%-ға азаяды.
Жол-көлік инфрақұрылымын дамытуға қатысты қала әкімі биыл ауданның 110 көшесіндегі 50 мың шаршы метр жол ағымдағы жөндеумен қамтылғанын хабарлады. Қараша айының соңына дейін 150 көшедегі тағы 20 мың шаршы метр жолды жөндеп, Абай даңғылын Строительная көшесінен қала шекарасына дейін ұзартуды аяқтау жоспарлануда.
Жыл басынан бері 150 автобус жаңартылып, 12 жаңа аялдама павильоны орнатылды.
Ауданда оқушы орындарының жетіспеушілігі мәселесін шешу үшін 5 жаңа мектеп салынады: олардың бірі қыркүйек айында ашылады, қалғандары - биылғы жылдың соңына дейін. №174 мектепке қосымша құрылыс жүргізілуде. Ағымдағы жылдың қыркүйек айында Шұғыла ш/а-да балабақшаны пайдалануға беру жоспарлануда. Жыл соңына дейін тағы екі жаңа балабақша салынады.
Сапалы медициналық қызмет көрсету үшін Құрамыс, Шұғыла ш/а-да екі жаңа емхана, сондай-ақ Ақжар ш/а дәрігерлік амбулатория салынады. Сонымен қатар, ауданда ерекше қажеттіліктері бар адамдарға бейімделген бассейні мен спорт секцияларына арналған залдары бар алғашқы денешынықтыру-сауықтыру кешені пайда болады.
Абаттандыру туралы айта келе, мегаполис басшысы селден қорғау бөгетінен Жандосов көшесіне дейінгі жаңа қоғамдық кеңістік құрылатын учаскені атап өтті. Сондай-ақ, тұрғындардың өтініші бойынша Шұғыла шағын ауданында жаңа жаяу жүргіншілер аймағы абаттандырылады.