ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев әрбір мемлекеттің қорғаныс бюджетінің 1 пайызын жыл сайын БҰҰ-ға аударуды ұсынды. Мемлекет басшысы бұл ұсынысты БҰҰ-ның 2015 жылдан кейінгі даму кезеңіне арналған күн тәртібін қабылдау жөніндегі саммитте айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.
ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев әрбір мемлекеттің қорғаныс бюджетінің 1 пайызын жыл сайын БҰҰ-ға аударуды ұсынды. Мемлекет басшысы бұл ұсынысты БҰҰ-ның 2015 жылдан кейінгі даму кезеңіне арналған күн тәртібін қабылдау жөніндегі саммитте айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.
Назарбаев әлемнің әр түкпіріндегі әркелкі ілгерілеу мәселесін қозғай отырып, жағымсыз үрдістердің Таяу Шығыс, Африка және Азия елдеріндегі қақтығыстар салдарынан ушығып отырғанына тоқталды. "Қазіргі көші-қон дағдарысы, соғыстармен қатар, дамудағы теңсіздіктерге байланысты да туындап отыр. ХХІ ғасырда табысты мемлекеттер қару-жарақ арсеналымен емес, озық идеялар тудыруға және тартымдылық өрісін қалыптастыруға деген қабілеттерімен ерекшеленетін болады. Әлем проблемаларын зерттейтін Стокгольм институтының деректері бойынша, барлық мемлекеттердің әскери шығыстарының жиынтығы 2014 жылы 1,7 триллион доллардан асқан немесе әлемдік ІЖӨ-нің 2,3 пайызын құраған, - деді Қазақстан Президенті.
Осыған байланысты Мемлекет басшысы әрбір мемлекеттің қорғаныс бюджетінің бір пайызын жыл сайын Орнықты даму мақсатына бағыттау үшін БҰҰ-ның арнаулы қорына аударып отыру туралы ұсыныс жасады.
Сонымен қатар, жиналғандарға сөз арнаған Қазақстан Президенті біздің еліміздің мыңжылдық дамудың сегіз мақсатын жүзеге асыру ісінде айтарлықтай ілгерілеуге қол жеткізгенін айтты. Атап айтқанда, Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның мемлекеттіліктің негізін нығайтып, азаматтық қоғамның дамуы үшін жағдай жасағанына назар аударды. Сонымен қатар, республиканың ішкі жалпы өнімі 19 есе ұлғайды, ал халықтың жан басына шаққандағы табысы 13 мың долларға жетті.
Мемлекет басшысы денсаулық сақтау саласындағы оң көрсеткіштерге де тоқталды: қазақстандықтардың өмір сүру ұзақтығы 70 жастан асты, кедейшілік 11 есеге - 34-тен 3 пайызға дейін қысқарды. Ана мен бала өлімі 65 пайызға азайды, СПИД-ке, безгекке және туберкулезге қарсы күресте елеулі табысқа қол жеткізілді.
Мемлекет басшысы БҰҰ-ның жаңа құжатының мақсаты мен бағдары Қазақстанның басымдығы бар міндеттерімен толық сәйкес келетінін атап өтті. "Қазіргі заманғы қауіп-қатерге біздің берер жауабымыз "Қазақстан - 2050" стратегиясы болып саналады, оның мақсаты - елді әлемдегі ең дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосу. Біз Ұлт жоспарын, Бес институционалдық реформаны жүзеге асырып жатырмыз. Бұлар мемлекеттік басқару аппаратын жаңғыртуға, азаматтық және құқықтық институттардың жұмысын жетілдіруге, экономиканы индустрияландыруды жалғастыруға бағытталған. Еуразия елдері үшін Ұлы Жібек жолы экономикасын қазіргі заман деңгейінде қайта жаңғырту маңызды болып табылады. Ол Азия-Тынық мұхиты өңірінен Еуропаға шығатын транзит мерзімін қысқарта отырып, көптеген елдерге игілік әкеледі. Біз Тынық мұхитын Еуропамен және Таяу Шығыспен байланыстыратын теміржол және автомобиль жолдарын салу арқылы оның инфрақұрылымының негізін қалап жатырмыз", - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан Президенті осы орайда Еуразиялық экономикалық одақты, Жібек жолының экономикалық белдеуін және Еуропалық одақты ХХІ ғасырдың біртұтас интеграциялық жобасымен біріктіретін Үлкен Еуразия идеясы төңірегінде жұмылудың маңыздылығын атап айтты.
Соңында Қазақстан Президенті осы жолғы іс-шара баршаның перспективалы болашағы үшін бірігудің жақсы мүмкіндігі екенін айтты. "Біздің қолымыздан келетін ең игі нәрсе - қазіргі заманғы қауіп-қатерлердің адамзат үмітін үзуіне жол бермеу. Қазақстан жаһандық даму ісіне бар күш-жігері мен ресурсын жұмсауға дайын", - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Айта кетейік, Саммит барысында 2015 жылға дейінгі дамудың негізгі мақсаттары мен міндеттері көрсетілген Мыңжылдық декларациясын орындау жөніндегі шаралар нәтижесі талқыланды. Сондай-ақ шараға қатысушылар 2015 жылдан кейінгі кезеңге арналған даму саласының күн тәртібін қабылдады.