Қазақстан Республикасының Президенді Нұрсұлтан Назарбаев "Астана ЭКСПО-2017" көрме кешенінің болашақ халықаралық, тақырыптық павильондарының, сондай-ақ сауық және қызмет көрсетуші нысандарының макеттерімен танысты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Ақорда сайтына сілтеме жасап. Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаевқа көрменің орталығы - Қазақстанның Ұлттық павильонында болатын нысандар жөнінде жан-жақты баяндалды.
Қазақстан Республикасының Президенді Нұрсұлтан Назарбаев "Астана ЭКСПО-2017" көрме кешенінің болашақ халықаралық, тақырыптық павильондарының, сондай-ақ сауық және қызмет көрсетуші нысандарының макеттерімен танысты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Ақорда сайтына сілтеме жасап. Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаевқа көрменің орталығы - Қазақстанның Ұлттық павильонында болатын нысандар жөнінде жан-жақты баяндалды.
Кешенді аралап көргеннен кейін Қазақстан Президенті кеңес өткізіп, құрылыс жұмыстарының барысына тоқталды. "Мемлекет басшысы іске қосу және әрлеу жұмыстарын жүргізу үшін кешенді 2016 жылғы қыркүйекке дейін дайын ету қажеттігін айтып, жұмыс кестесін сақтау мәселесін атап өтті", - делінген баспасөз хабарламасында. Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаевтың салынып жатқан ғимараттарды көрмеден кейін де пайдалану мәселесін Үкіметпен бірлесе отырып анықтаудың басты міндеттердің бірі екендігіне назар аударғаны айтылады. "Кейбір елдердегі секілді нысандар бос тұрып қалмауы керек. Қонақтарға арналған баспана, қонақ үй және Конгресс-орталық мақсатты пайдаланылады. Бұл ретте, көрмеден кейін шетелдік мемлекеттердің павильондары мен өзге де көптеген орын-жайлар бос қалады. Кешен одан әрі қалай пайдаланылатынын қазірдің өзінде шешіп алған жөн. Мүмкін онда халықаралық шаралар, әскери, агроөнеркәсіптік көрмелер өткізілер. Әлемдік ірі компанияларды біздің нысандарымызды өз жұмыстарына пайдалануы үшін қызықтыру қажет. Сонымен қатар, мұнда халықаралық банктер, бұқаралық ақпарат құралдары өз кеңселерін ашуға тілек білдіруде. Жалпы алғанда, барлық ғимараттар 2017 жылдың күзінен соң әрі қарай пайдалануға берілуге тиіс", - деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы еліміздің "ЭКСПО-2017" көрмесін өткізудегі мақсаты Қазақстанның табыстарын әйгілеуді, әлемдік қоғамдастыққа оның мүмкіндіктерін паш етуді көздейтінін атап өтті. "Көрме елордамызды мүлде өзге қырынан көрсетеді, оны кеңейте және көркейте түседі. Бүгінгі таңда Астанада маңызды нысандар аз салынған жоқ. Алайда ЭКСПО кешені - мүлде басқа сападағы, ХХІ ғасыр талаптарына толықтай сай келетін технологиялар қолданылатын жоба. Елорда тұрғындары мен меймандары үшін энергетика саласындағы болашақпен қауышудың, ғылыми жетістіктерді көрудің және бой көтерген нысандардың көркін тамашалаудың тамаша мүмкіндігі туады", - деді Мемлекет басшысы.
Жалпы ауданы 174 гектар болатын Көрме кешенінің аумағында 38 нысан бой көтеретін болады. Жобаға 8 құрылыс ұйымы және 3500-ден астам жұмысшы қатысып жатыр. Кешеннің көрме аймағында диаметрі 80 метрлік, шар пішініндегі Қазақстанның Ұлттық павильоны, сондай-ақ халықаралық, тақырыптық және корпоративтік павильондар, сауда, ойын-сауық және қызмет көрсету нысандары орналасады. Көрме сыртындағы аймаққа конференция орталығы, баспасөз орталығы, жабық қала, тұрғын үйлер мен қонақ үйлер енеді.