Нұрсұлтан Назарбаев ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің сессиясына қатысты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Нұрсұлтан Назарбаев ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің сессиясына қатысты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Іс-шараға Тәжікстан Республикасының Президенті Эмомали Рахмон, Армения Республикасының Президенті Сашик Саргсян, Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенко, Қырғыз Республикасының Президенті Алмазбек Атамбаев, Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин, ҰҚШҰ бас хатшысы Николай Бордюжа, сондай-ақ ұйымға мүше елдердің қорғаныс және сыртқы саясат ведомстволары басшылары қатысты.
Кездесу барысында өңірдегі ұжымдық қауіпсіздік жүйесін нығайту, ұйым қызметінің тиімділігін арттыру мәселелері және жедел әрекет ету ұжымдық күштерінің оқу-жаттығуын өткізу нәтижелері талқыланды.
Мемлекет басшысы өз сөзінде ұйымның күн тәртібіндегі негізгі мәселелердің бірі халықаралық терроризм мен экстремистік ұйымдардан төнетін ықтимал қатерлер екенін атап өтті.
"Мойындауымыз керек, өкінішке қарай, ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің жекелеген азаматтары осындай радикалды құрылымдарға қосылып, заңға қайшы іс-әрекеттерге қатысу үшін Таяу Шығыстағы және Ауғанстандағы соғыс ошақтарына барып жатады. Бұл жайт қарсы іс-қимыл жасау біздің тарапымыздан тиімді шаралар қабылдауды талап етеді", - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан Президенті Тәжікстан халықаралық лаңкестікке қарсы күрестің алдыңғы шебінде екенін назарға ала отырып, барлық елдер әлемдік экономикадағы қиындықтарға қарамастан алдағы уақытта да осы одақтасымызға экономикалық көмек көрсетуге тиіс екенін атап айтты.
"Қазақстан биыл бауырлас елге 2,7 миллион доллардың азық-түлігі мен құрылыс материалдарын жіберді", - деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев сессияға қатысушылар назарын Ауғанстандағы жағдайға аударды. "Ауғанстанның солтүстігіндегі содырлар белсенділігі айрықша алаңдатады. Ауған аумағынан шығатын қауіп-қатерлерге қарсы тиісті әрекет ету үшін ҰҚШҰ аясындағы бірлескен күш-жігерді екіжақты негізде де, өзге халықаралық ұйымдармен арадағы жұмыстар барысында да арттыра түсу қажет. Қазақстан Кабулға жыл сайын азық-түлік, отын, дәрі-дәрмек жеткізу, сондай-ақ ауған жастарын еліміздің жоғары оқу орындарында оқыту арқылы техникалық және гуманитарлық көмек көрсетуді жалғастыруда", - деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы біздің ел өңірдегі жағдайдың күрделі екенін ескере отырып, ҰҚШҰ жедел әрекет ету ұжымдық күштерінің жауынгерлік қабілетін арттыруға бағытталған шараларды қолдайтынын айтты.
"Қазақстан Жедел әрекет ету ұжымдық күштері арнаулы құрылымдарының әскери контингентінің жауынгерлік және қызметтік дайындығын артыру қажеттігін қолдайды. Оқу-жаттығуларды, соның ішінде төтенше тексерулерді де үнемі өткізіп отыру қажет деп санаймыз", - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан Президенті сессия шешімдерінің жобалары арасынан әскери контингенттердің, қару-жарақтың, техниканың ҰҚШҰ-ға мүше елдер аумағы арқылы қозғалысын нақты реттейтін Әскери және өзге құрылымдарды тасымалдау саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді айрықша атап көрсетті.
Соңында Нұрсұлтан Назарбаев шараға қатысушыларды Қазақстанның ҰҚШҰ аясындағы барлық міндеттемелерді мүлтіксіз сақтайтынына, сондай-ақ одақтас елдерге қажетті гуманитарлық көмек көрсете беретініне сендірді.