Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Президент Әкімшілігінің құрамымен жиын өткізді. Назарбаев жиын барысында Әділбек Жақсыбековке ҚР Президенті Әкімшілігінің басшысы кезіндегі жұмысы үшін және басқа да мемлекеттік қызметтерде атқарған жұмыстары үшін алғыс айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Президент Әкімшілігінің құрамымен жиын өткізді. Назарбаев жиын барысында Әділбек Жақсыбековке ҚР Президенті Әкімшілігінің басшысы кезіндегі жұмысы үшін және басқа да мемлекеттік қызметтерде атқарған жұмыстары үшін алғыс айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысы оның оның Қазақстан Республикасы мемлекеттілігін қалыптастыру және дамыту ісіне зор үлес қосқанын ерекше атап өтті.
"Ұзақ жылдардан бері менімен бірге жұмыс істеп келе жатқан Әділбек Рыскелдіұлын жақсы білесіздер. Ол елорданың алғашқы әкімі болды, барлық лауазымды қызметтерде жауапкершілікпен әрі адал еңбек етті. Оған зор денсаулық пен табыс тілеймін, - деді Қазақстан Президенті.
Бұдан бөлек Мемлекет басшысы жиын қатысушыларына Президент әкімшілігінің басшысы болып тағайындалған Әсет Исекешевті таныстырды.
"Әсет Өрентайұлы менің көмекшім болды, министр, Премьер-Министрдің орынбасары қызметтерін атқарды. Ол бас қаламызда жұмыс істеген соңғы екі жарым жыл ішінде елордалықтардың жоғары бағасына ие болды. Ол белсенді әрі креативті ұстаныммен ерекшеленеді. Қазір бізге дәл осындай адам керек. Исекешев елордаға әкім болған уақытта біз «ЭКСПО-2017» көрмесін және Астананың 20 жылдығын абыроймен өткіздік. Әсет Өрентайұлы бұл міндетті де лайықты орындай алатынына сенімдімін, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Елбасы жиын соңында еліміздің экономикалық өсімін және халықтың әл-ауқатын одан әрі арттыру ісінде Президент Әкімшілігінің басты рөл атқаратынын атап өтіп, оның алдағы кезеңге арналған жұмыстарының негізгі басымдықтарын белгілеп берді.
"Аппараттың алдында бұған дейін қабылданған мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылуын және орындалуын қамтамасыз ету жөніндегі маңызды міндет тұр. Бүгінде жұмыс ауқымы өңірлік деңгейге ауысқанын ерекше атап өткім келеді және барлық деңгейдегі әкімдердің қызметін тиімді үйлестіру, олардың өзара ықпалдаса еңбек етуіне көмектесу қажет", - деді Мемлекет басшысы.
Еске сала кетейік, кеше, 10 қыркүйекте Әсет Исекешевтің Президент әкімшілігінің басшысы болып тағайындалғаны және Әділбек Жақсыбековтің қызметінен босатылғаны хабарланған еді. Кейінірек Президент Әкімшілігінің басшысы болған Жақсыбековтің "Цесна" корпорациясы директорлар кеңесінің төрағасы болып сайланғаны хабарланды.