Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың пікірінше, бүгінде етек алып келе жатқан жергілікті және өңірлік қақтығыстардың, халықаралық терроризм мен экстремизмнің алдын алу үшін бүкіл мемлекеттердің күш біріктіруі қажет. Мұндай пікірді ол шетелдік Төтенше және Өкілетті елшілерден сенім грамоталарын қабылдауы кезінде айтты, - деп хабарлайды Тengrinews.kz тілшісі Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың пікірінше, бүгінде етек алып келе жатқан жергілікті және өңірлік қақтығыстардың, халықаралық терроризм мен экстремизмнің алдын алу үшін бүкіл мемлекеттердің күш біріктіруі қажет. Мұндай пікірді ол шетелдік Төтенше және Өкілетті елшілерден сенім грамоталарын қабылдауы кезінде айтты, - деп хабарлайды Тengrinews.kz тілшісі Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"Біз стратегиялық тұрақтылық пен орнықты дамуға қол жеткізу жолдарын бірлесе іздеуге ниеттіміз. Еліміз ядролық қаруды таратпау режимін нығайту жолындағы жаһандық қозғалыстың көш басында келеді", – деді Қазақстан Президенті.
Елбасы республикамыз халықаралық істерге бұрынғыдан да белсенді қатысуға ниетті екенін айтты.
"Біз Кеңейтілген серіктестік пен ынтымақтастық туралы келісім жобасы бойынша Еуропалық одақпен келіссөзді аяқтадық. Дүниежүзілік сауда ұйымына кірудің соңғы сатысында тұрмыз. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы стандарттарын да белсенді түрде енгізіп жатырмыз. Біз Еуразиялық экономикалық одақтың біріккен нарығының бір бөлігі болып саналамыз. Сол себепті, бұл одаққа мүше елдер мен өзге сауда серіктестері арасында "дәнекер" болуға әзірміз, – деді Мемлекет басшысы.
Президенттің айтуынша, Қазақстан дамуының 2050 жылға дейінгі ұзақмерзімді стратегиясы шетелдік серіктестермен тиімді ынтымақтастықты қарастырады. "Ең алдымен инвестициялық байланыс, технологиялар алмасу салаларына мән беріледі. Инновациялар мен озық тәжірибені импорттау, елдің өнім экспортын ұлғайту мәселелері назарда болады. Мен Сіздердің қызметтеріңіз екіжақты байланыстардың әлеуетін барынша арттырады деп сенемін", – деді Нұрсұлтан Назарбаев өзіне сенім грамоталарын табыс еткен елшілерге.
Айта кетейік, Нұрсұлтан Назарбаевқа Италия Республикасынан – Стефано Раваньян, Швеция Корольдігінен – Кристиан Камилл, Чех Республикасынан – Элишка Жигова, Литва Республикасынан – Витаутас Наудужас, Египет Араб Республикасынан – Хайсам Салах Камел Ибрахим, Үндістаннан – Харш Кумар Джайн, Македония Республикасынан – Илья Псалтиров, Қытай Халық Республикасынан Чжан Ханьхуэй сияқты Төтенше және Өкілетті елшілер сенім грамоталарын тапсырған болатын. Рәсімге қатысушыларды дипломатиялық миссияларының ресми түрде басталуымен құттықтаған Мемлекет басшысы бүгінгі кездесу маңызды күннің – Тәуелсіздіктің 23 жылдығының қарсаңында өтіп отырғанына назар аударды және олардың біздің елдегі қызметтеріне күрделі әрі қызықты кезеңде кірісіп отырғанына тоқталды.
"Жаһандық қарым-қатынастар құрылымының бұзылуы бір жағынан жаңа сын-қатерлер туғызуда. Олардың әрқайсысы да қалыптан тыс әрекетті талап етеді. Саяси және экономикалық кеңістіктің бірігуі мен бөлшектенуінің қарама-қайшы үрдістері бір-біріне ықпал етуде. Екінші жағынан, біз үшін ашықтық пен барлық мүдделі тараптардың пікірін ескеруге негізделген жаңа жаһандық үлгіге өту мүмкіндігі туады", – деді Қазақстан Президенті.