Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Денис Теннің ата-анасына қоңырау соғып, көңіл білдіріп, кінәлі адамдардың жазаланатынын айтты. Бұл туралы Президенттің баспасөз хатшысы Айдос Үкібай мәлімдеді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Денис Теннің ата-анасына қоңырау соғып, көңіл білдіріп, кінәлі адамдардың жазаланатынын айтты. Бұл туралы Президенттің баспасөз хатшысы Айдос Үкібай мәлімдеді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
"Мемлекет басшысы жас, дарынды, энергия мен күші көп, жаңа жоспарлар мен үміттерге толы, әлемнің көптеген елінде, әсіресе, өз елінде - Қазақстанда құрмет пен махаббатқа бөленген Денис Теннің өлімі жайлы хабарды аса зор күйзеліспен қабылдады", - деді Айдос Үкібай.
Оның айтуынша, Президент спортшының жақындары мен туыстарына бірден көңіл айту жеделхатын жолдаған.
"Мұнымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев телефонмен жеке өзі хабарласып, осындай тамаша ұлды, нағыз патриотты, біздің жастарға үлгі бола аларлық ұлды тәрбиелеп өсірген Денис Теннің ата-анасына көңіл айтты.
Мемлекет басшысы Денистің өмірден мезгілсіз өтуі - туыстары мен жақындарына, сондай-ақ, бүкіл ел үшін орны толмас қаза екенін айтты. Қолдау көрсетіп, көңіл айтқан Президент спортшының ата-анасына осы қылмысты жасағандардың жауапкершілікке тартылатынын айтты", - деді баспасөз хатшысы Айдос Үкібай.
Осыған дейін Нұрсұлтан Назарбаев бас прокурор мен ішкі істер министріне Денис Теннің өліміне қатысты тергеуді ерекше бақылауға алуды тапсырған болатын.
Еске салайық, кеше, 19 шілдеде Алматыда белгісіз біреулер Денис Тенді пышақтап кеткен болатын. Оқиға шамамен 15.00-де Құрманғазы мен Байсейітова көшелерінің қиылысында болған. Кейін қалалық ІІД өкілдері Денис Тенге автоұрылар шабуыл жасағанын мәлімдеді. Сөйтсек, спортшы ұрылардың үстінен түскен болып шықты. Жанжал кезінде спортшының аяғына пышақ тиіп, көп қан жоғалтқан. Ол ауруханада көз жұмды.