Мемлекет басшысы "Жер заңнамасының кейбір нормаларын қолдануға мораторий енгізу туралы" Жарлыққа қол қойды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.
Мемлекет басшысы "Жер заңнамасының кейбір нормаларын қолдануға мораторий енгізу туралы" Жарлыққа қол қойды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.
Жарлықтың мәтіні Ақорда сайтында жарияланды:
Қазақстан Республикасы Конституциясының 40-бабына, 44-бабының 3) тармақшасына сәйкес қаулы етемін:
1. 2016 жылғы 31 желтоқсанға дейін мыналарға:
1) "Қазақстан Республикасының Жер кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" 2015 жылғы 2 қарашадағы Қазақстан Республикасы Заңының нормаларын қолдануға;
2) шетелдіктерге, азаматтығы жоқ адамдарға, шетелдік заңды тұлғаларға, сондай-ақ жарғылық капиталындағы шетелдіктердің, азаматтығы жоқ адамдардың, шетелдік заңды тұлғалардың үлесі елу пайыздан асатын заңды тұлғаларға ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін жалдау шарттарымен уақытша жер пайдалану құқығын беруге;
3) жеке және заңды тұлғаларға мемлекеттік меншіктегі ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерiне жеке меншік құқығын беруге мораторий жариялансын.
2. Қазақстан Республикасының Үкіметі:
1) осы Жарлықтың 1-тармағын іске асыруға бағытталған заңнамалық түзетулер енгізуді қамтамасыз етсін;
2) жер реформасы жөнінде Комиссия құрсын;
3) Осы Жарлықты іске асыру жөнінде өзге де шаралар қабылдасын.
3. Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы осы Жарлықтың 1-тармағын іске асыру барысында заңдылықтың сақталуын қадағалауды қамтамасыз етсін.
4. Осы Жарлықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне жүктелсін.
5. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.