Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев "қашағандық баланы" есіне түсірді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі. Бүгін Нұрсұлтан Назарбаев Атырау қаласына келді. Мұнда Қашағанның ресми таныстырылымы өтіп жатыр.
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев "қашағандық баланы" есіне түсірді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі. Бүгін Нұрсұлтан Назарбаев Атырау қаласына келді. Мұнда Қашағанның ресми таныстырылымы өтіп жатыр.
Мұнда Мемлекет басшысының мұнай саласы өкілдерімен кездесуі жоспарланған. Кездесу аясында телекөпір ұйымдастырылып, ірі нысандардың жұмыс барысы таныстырылады және мұнай-газ саласы қызметкерлерін марапаттау рәсімі өтеді.
"(...) Мен бүгін мұнда Қашағанның іске қосылғанын айту үшін келіп отырмын. 2001 жылы Қашағанды ашып, вентильді бұрап орнатқанымда (...) Әлемдік мұнай бағасына қарамастан, бұл жағымды импульс. Болашақта түптің түбінде мұнай бізге қажет болады. Мен барлықтарыңызды құттықтаймын", - деді Назарбаев.
"(...) Атырауға барайын деп жатқан кезде, ең бірінші рет мұнайды бұрғылап, оны өз қолыммен ұстап көрген кез әлі есімде", - деді Президент. Содан Президент залда отырған Берік Уап есімді балаға назар аударды. Ол 7 жасында Қашағанның ашылу рәсіміне қатысқан екен. - "Сонда менің саған қара мұнайды жағып тастағаным есіңде ме?".
Осылайша Атырау қаласының жас тұрғыны Президентке сол сәттен кейін өзін мұнайшы болғысы келгенін, кейіннен Ұлыбританияда оқып келгенін айтып берді. Енді қазір ол Қашаған жобасында жұмыс істеп жатыр екен.
Сонымен қатар, Қазақстан Президентінің ірі мұнай компаниялары жетекшілерімен кездесуін өткізу көзделіп отыр.
Энергетика министрлігінің баспасөз қызметіндегілер 2016 жылдың 1 қарашасында Қашағанда тәулік ішінде мұнайдың 75 мың баррельге жеткенін айтты. Қазіргі уақытта мұнай өндірісін арттыру мақсатында және тәулігіне 180 мың баррель болатындай деңгейге тұрақтандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
"Осы жылдың соңына дейін миллион тонна мұнай мен 680 миллион текше метр газ, ал 2017 жылы - 8,6 миллион тонна мұнай мен 5,6 миллиард текше метр газ өндіріп алу жоспарланып отыр. Кейінгі жылдары жылына 13 миллион тонна мұнай мен 9 миллиард текше метр газ өндіріп алу жоспарда бар", - деді ведомство өкілдері.
Еске салайық, 12 қазанда ҚР энергетика министрі Қанат Бозымбаев Парламент Мәжілісінің жалпы отырысы барысында Қашаған кен орнынан алғашқы мұнай өндіріле бастағанын хабарлаған болатын. "Өндіру басталып қана қойған жоқ, мен бүгін төрт ұңғымадан мұнай ағып жатқанын көрдім, тәулігіне 90 мың баррельдей болып қалатын көрсеткіш бар, Болашақ (Зауыт) та жұмыс істеп жатыр. Оны қалпына келтіру жалғасып жатыр, себебі қондырғының барлық түрі әлі жүктеліп жатыр. Сауда мұнайы Болашақ зауытынан шықты, таза, кеше кешкі уақытта "ҚазТрансОйл" резервіне құйылды. Ол сол жерде кезеңдеп жиналады. Оператор алдағы уақытта алғашқы экспорттық келісім шарт туралы айтады", - деген еді министр.