Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандықтарды Отбасы күні мерекесімен құттықтады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Ақорда сайтына сілтеме жасап. Естеріңізге сала кетейік, Отбасы күні елімізде алғаш рет 2013 жылы 8 қыркүйекте аталып өткен.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандықтарды Отбасы күні мерекесімен құттықтады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Ақорда сайтына сілтеме жасап. Естеріңізге сала кетейік, Отбасы күні елімізде алғаш рет 2013 жылы 8 қыркүйекте аталып өткен.
Назарбаев табандылық, еңбексүйгіштік, туған жерді қастерлеу, үлкенге құрмет және қонақжайлылық сияқты халқымыздың ең жақсы рухани-адамгершілік құндылықтары берік отбасылық дәстүрлер арқылы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқандығын айрықша атап өтті.
"Отбасы күні осы ұлағатты мұраларымызды нығайтып, жұбайлық өмірдің жауапкершілігі мен балаларға, аға буынға ұдайы қамқор болудың маңыздылығын жастардың жадына сіңіре бермек. Отбасы – Қазақстан қоғамының діңгегі, экономикадағы, мәдениеттегі, әлеуметтік саясаттағы барлық жаңа жетістіктерінің негізі. "Қазақстан-2050" Стратегиясының ең басты мақсаты – әрбір қазақстандық отбасының әл-ауқатын арттыру", - деп баса айтылған Мемлекет басшысының құттықтауында.
Президент бүгінгі таңда біздің ортақ табыстарымыздың арқасында әлеуметтік төлемдер артып, отандық білім берудің деңгейі өсіп келеді. Денсаулық сақтау саласына ең жаңа технологиялар енгізіліп, индустриялық-инновациялық жобалар аясында барлық жерлерде жаңа жұмыс орындары ашылып жатқандығына да тоқталып өтті.
Қазақстандықтарды Отбасы күнімен құттықтай отырып, біздің ең басты жетістіктеріміздің бірі – жалпықазақстандық бірліктің теңдессіз институты – Қазақстан халқы Ассамблеясының табысты жұмысы екендігін де баса айтты.
Сондай-ақ Назарбаев биыл тұңғыш рет "Мерейлі отбасы" ұлттық байқауы өткізіліп жатқандығын да атап өтті. "Еліміздің барлық өңірлерінде ең үздік отбасылар іріктелді. Олар - барша отандастарымызға, бірінші кезекте, енді шаңырақ көтеретін жастарға шынайы үлгі-өнеге. Мереке күні әрбір қазақстандық отбасына зор денсаулық, береке-бірлік пен ынтымақ тілеймін! Барлық 17 миллион қазақстандық – ортақ күш-жігерімен биік мақсаттарға ұмтылған біздің мемлекетіміздің XXI ғасырда үздіксіз дамуын қамтамасыз ететін біртұтас отбасы", - деді Елбасы құттықтауында.
Естеріңізге сала кетейік, Отбасы күні Қазақстанда қыркүйек айының екінші жексенбісінде аталып өтеді.