Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандық бұқаралық ақпарат құралдарына арналған брифингте Минскіде Кеден одағы мемлекеттері басшылары, Украина президенті және Еуроодақ өкілдері қатысқан саммитті қорытындылады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz-тің арнаулы тілшісі Беларусь астанасынан.
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандық бұқаралық ақпарат құралдарына арналған брифингте Минскіде Кеден одағы мемлекеттері басшылары, Украина президенті және Еуроодақ өкілдері қатысқан саммитті қорытындылады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz-тің арнаулы тілшісі Беларусь астанасынан.
Мемлекет басшысы Украинаға гуманитарлық көмек көрсету туралы өзінің ұсынысына қатысты түсінік берді. "Мен ұсынған алғашқы мәселе - Донбасс пен Луганскінің зардап шегіп отырған тұрғындарына гуманитарлық көмек беру мәселесі. Онда ғимараттар қирады, қыс жақындап келеді, Луганскіде электр орталықтары, құбыр жүйелері бұзылды. Қыс қатты болады деген болжам бар, адамдарға қарапайым заттар жетіспей жатыр: дәрі-дәрмек, азық-түлік. Сондықтан бұл аймақтарға гуманитарлық көмек қажет, Қазақстан бұған атсалысуға дайын. Мен гуманитарлық жүкті жеткізу кезінде өңірде бітімгершілік орнатуды және бұл көмекке Ресей ғана емес, басқа елдер де қатыса алуы үшін арнайы дәліз жасауды ұсындым. Біз бұл тақырыпқа салмақты түрде сөйлестік", - деді Президент.
Мемлекет басшысы саммиттің екінші тақырыбы Украинаның Еуроодақпен қауымдасуы болғанын еске салды. "Бұдан Кеден одағы елдері үшін біз не күтеміз? Бұл қауымдастықтың нәтижесінде Украинадан келетін тауарларды енгізуде барлық кедергі толық алынады. Еуропадан Украинаға арзан әрі сапалы тауарлар барады, украин тауарлары ығысып, біздің жаққа қарай жылжиды, негізінен, Ресейге, сонымен бірге, бізге де жетеді, біз осыны ескеруіміз қажет", - деді ол.
Назарбаев саммитке қатысқан Еуроодақ өкілдері алдына Украинаның Еуроодақпен қауымдастығы онымен сауда-саттық жасайтын өзге елдерге қайткенде зиянын тигізбейтін болады деген мәселені қойдым. "Барлық тарапты тыңдап көріп, мен ондай мүмкіндіктердің барына көз жеткіздім. Сондықтан біз мұнымен айналысатын, егер қажет болса, Украинаның Еуроодақпен уағдаластықтарына қандай да бір өзгерістер енгізу үшін жұмыс тобын құруды ұйғардық", - деді Президент.
Назарбаевтың айтуынша, үшінші маңызды мәселе - Владимир Путин мен Петр Порошенконың тұңғыш рет кездесуі. "Мен тараптар келісімге келіп, барлық мәселені шешуі үшін бар күшімді салдым. Кез келген соғыс, тіпті, әлемдік соғыстар да әрқашан келіссөздермен аяқталған, сондықтан, тараптар ымыраға келуі тиіс, ымыра деген - бір-біріне жол беру. Ресей президенті Владимир Путин мен Украина президенті Петр Порошенконың жеке кездесуі - біздің бүгінгі кездесуіміздің басты, негізгі нәтижесі. Өйткені алты ай бойғы соғыс кезінде олар бір-бірімен кездескен емес, бір-бірімен тек бұқаралық ақпарат құралдары арқылы сөйлесті. Мен бұл кездесуді өте маңызды деп есептеймін", - деді Қазақстан Президенті.
Президенттің айтуынша, мұндай кездесулер жалғасатын болады. Еуроодақтың өтініші бойынша келесі кездесудің Қазақстанда өтуі мүмкін. "Қалай болғанда да, келіссөздер соғыстан жақсы. Сондықтан мен бұған біз босқа араласып жатқан жоқпыз және барлық тараптан Қазақстанға деген сенім бар, біз объективтіміз, біз бейбітшілікті қалаймыз, біз Ресей мен Украина өзара келіссе екен дейміз", - деді Елбасы.
Назарбаев саммит аясында Кеден одағы елдері басшыларының жеке кездесу өткізгенін айтты. 10 қазанда Минскіде келіссөздер өтеді, оның шеңберінде Еуразиялық экономикалық одаққа Армения мен Қырғызстанды қабылдау мәселесін шешу жоспарланып отыр.
Нұрсұлтан Назарбаевтың қазақстандық журналистер алдына ресми кездесулер үшін тым бейуақ көрінетін мезгілде (жергілікті уақыт бойынша 00.30, Астана уақыты бойынша - 03.30) шыққанын айта кету керек. Бұл келіссөздердің күрделі әрі маңызды болғанын айғақтайды.