Мемлекет басшысы Сингапур Республикасының Премьер-Министрі Ли Сянь Лунге осы елдің тұңғыш Премьер-Министрі Ли Куан Юдың қайтыс болуына байланысты көңіл айту жеделхатын жолдады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.
Мемлекет басшысы Сингапур Республикасының Премьер-Министрі Ли Сянь Лунге осы елдің тұңғыш Премьер-Министрі Ли Куан Юдың қайтыс болуына байланысты көңіл айту жеделхатын жолдады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.
"Біз жиі кездесіп тұрдық. Мен оны жақын дос санадым, одан көп тәжірибе алдым. Орны толмас қайғыны бөлісе отырып, Қазақстан халқының және жеке өз атымнан туған-туыстары мен жақындарына, сондай-ақ барша Сингапур халқына көңіл айтамын", - делінген жеделхатта.
Нұрсұлтан Назарбаев Сингапурдың әлемдік беделін нығайтып, оның Азиядағы жетекші ел ретінде қалыптасуы үшін Ли Куан Юдың орасан күш-жігер жұмсағанын және сол арқылы артына өшпес мұра қалдырғанын атап өткен.
"Қазақстан халқы Ли Куан Юдың біздің елдеріміздің арасындағы берік достық қатынастарды нығайтуға қосқан зор үлесін ешқашан ұмытпайды", - делінген жеделхатта.
Ли Куан Ю 91 жасында қайтыс болды. Еске сала кетейік, ол ақпан айының басында ауруханаға ауыр жағдайда түскен болатын. Бұрынғы премьер өкпеге оттегі өткізетін жасанды вентиляция аппаратына қосылған еді.
Ли Куан Ю - Сингапур елінің белгілі саясаткері, ел тарихында 1959 жылы тұңғыш премьер-министр болды, республика тәуелсіздік алғаннан кейін ол билік басында 31 жыл отырды. Ол Оңтүстік-Шығыс Азияның қаржы орталығына айналған Сингапурдың "экономикалық ғажабының" негізін қалаған адам болып саналады.