Елбасы Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенкомен кездесті, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.
Елбасы Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенкомен кездесті, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.
Қазақстан Президенті екі ел арасындағы қарым-қатынас одақтастық сипатымен ерекшеленетінін атап өтті.
"Біздің республика - Беларусьтің жетекші экономикалық серіктесінің бірі. Жұмсалған күш-жігер арқасында соңғы жылдарда көптеген бірлескен кәсіпорындар құрылды. Өзара тауар айналымының деңгейі қазіргі ахуалға байланысты аздап төмендеді, бірақ оның нақты жалпы көлемі сол қалпында қалды. Елдеріміздің интеграция мәселелеріне қатысты көзқарасы ортақ, халықаралық саясатта да ұстанымдары ұқсас. Біз Сізбен тұрақты түрде кездесіп отырамыз, қазіргі кезде стратегиялық ынтымақтастықты одан әрі дамыту жұмысын жүргізудеміз. Көптеген мәселелер бойынша, соның ішінде Евразиялық экономикалық одақ аясындағы өзара іс-қимыл, өңірдегі және тұтас әлемдегі ахуал жөнінде пікір алмасу үшін біздің кездесуіміздің маңызы зор", - деді Мемлекет басшысы.
Лукашенко қазіргідей күрделі жағдайда сенімге негізделген мұндай келіссөздердің әрдайым пайдалы екенін атап өтті. "Былтыр біздің арамыздағы тауар айналымының деңгейі төмендеді. Бұл үдерісті кері бағытқа түсіру қажет. Біз - бір экономикалық одақта жұмыс жүргізіп отырған жақын мемлекеттерміз. Бізге қарым-қатынасымыздың іргетасын - сауда мен экономиканы нығайтқан жөн, оның үстіне біз қай жолмен ілгері басуымыз керектігін айқындап та алдық. Бұл бағытта жасалған нәрсе аз емес, бірақ бізге осы жағдайдан тезірек шығу үшін қарым-қатынасымызға тың серпін беру керек. Халықаралық аренада біз сіздің елге БҰҰ аясында да, сондай-ақ жаһандық құжат - "Әлем. XXI ғасыр" манифесіне қатысты да қолдау білдіреміз. Біз көптеген бағыттар бойынша Қазақстан тарапымен бірлесе жұмыс жүргізуге әзірміз", - деді Беларусь Президенті.