Мемлекет басшысы "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясы" АҚ президенті Асқар Маминді қабылдады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мемлекет басшысы "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясы" АҚ президенті Асқар Маминді қабылдады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Асқар Мамин Елбасыға "ҚТЖ" ҰК" акционерлік қоғамының 2015 жылғы қызметінің нәтижелері мен биылғы жоспарлары, сондай-ақ ұлттық компания операторлық ететін "Нұрлы жол" бағдарламасының инфрақұрылымдық жобаларын жүзеге асыру барысы туралы баяндады.
"Мемлекет басшысы Қазақстанның транзиттік және экспорттық әлеуетін жүзеге асыру үшін көлік-логистика кешенін дамытудың, экономиканы әртараптандырудың, жаңа жұмыс орындарын ашудың және жиынтық ішкі өнімді ұлғайтудың маңыздылығын айтты", - делінген хабарламада.
Қазақстан Президенті инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру және экспортқа бағытталған жоғары технологиялық өндірістерді дамыту елдің экономикалық саясатының басымдығы болып саналатынына назар аударды.
Асқар Мамин автомобиль және теміржол магистральдарын қайта жөндеу, Каспийдегі порт инфрақұрылымын жаңғырту, "Қорғас" халықаралық шекаралық ынтымақтастық орталығы мен арнаулы экономикалық аймақты дамыту жөніндегі жұмыстар кестеге сәйкес іске асырылып жатқанын айтты.
"Қазақстан темір жолының" президенті 2015 жылы "Боржақты-Ерсай" теміржол желісі пайдалануға берілгенін, "Қорғас - Шығыс қақпасы" арнаулы экономикалық аймағының "құрғақ порты" іске қосылғанын, Ақтау портында жаңа нысандар, Астана қаласында Орталық Азиядағы ірі көлік-логистика орталығы жұмыс істей бастағанын мәлімдеді.
Сонымен қатар, жыл аяғына дейін Маңғыстау облысындағы Құрық портында паром кешенінің, "Алматы-1 - Шу" теміржол учаскесінде екінші бағыттың құрылысын аяқтау, ал "ЭКСПО-2017" көрмесінің ашылуы қарсаңында елорда әуежайының халықаралық терминалы мен жаңа теміржол вокзалының құрылысын бітіру жоспарланып отыр.
Асқар Мамин сондай-ақ компания қызметті жетілдіру және шығыстарды қысқарту бағдарламасын жүзеге асырып жатқанын, оның экономикалық тиімділігі 2015 жылы 169 миллиард теңге болғанын айтты.
Компанияның жаңа өкілеттіктерді дамыту және контейнерлік пойыздар қызметін ілгерілету бағытындағы жұмыстары Қытай мен Еуропа арасындағы транзиттік контейнерлік жүк ағынын 2014 жылмен салыстырғанда былтыр екі есеге ұлғайтуға, ал транзиттік тасымалдан түсетін табыстың үлесін 28 пайызға жеткізуге мүмкіндік берген.
Мемлекет басшысы кездесу қорытындысы бойынша бірқатар нақты тапсырма берді.