Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Нұрлан Қаппаровтың отбасына көңіл айту жеделхатын жолдады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.
Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Нұрлан Қаппаровтың отбасына көңіл айту жеделхатын жолдады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.
Жеделхатта ел тәуелсіздігінің алғашқы жылдарында Н.Қаппаров жастар арасынан дараланып шыққан кәсіпкер ретінде танылғаны атап өтілген. "Ол әр жылдары "Қазақойл" ұлттық мұнайгаз компаниясы" ЖАҚ Президенті, Қоршаған орта және су ресурстары министрі, "Қазатомөнеркәсіп" ҰАК" АҚ басқармасының төрағасы болды, сондай-ақ басқа да жауапты лауазымдарда өзіне жүктелген міндеттерді абыроймен атқарды.", - делінген жеделхатта.
"Нұрлан Қаппаров өзінің мол білімі мен тәжірибесін әрдайым еліміздің өсіп-өркендеуіне жұмсаған дарынды ұйымдастырушы болды. Халқымыз оның есімі мен еңбегін ұмытпайды", - делінген жеделхатта.
Осыған дейін ҚР СІМ баспасөз қызметі бүгін, 26 наурызда Пекин уақыты бойынша 14.30-да "Қазатомөнеркәсіп" ҰАК" АҚ Басқарма төрағасы Нұрлан Қаппаровтың Қытайда қайтыс болғанын хабарлады. Оның жүрегі тоқтап қалған. Қазақстанның Қытайдағы елшілігі марқұмның денесін отанға жеткізу бойынша қажетті жұмыстарды жүргізіп жатыр.
Нұрлан Қаппаров 1970 жылы 30 наурызда Алматыда дүниеге келген. Ол әр жылдары ҚР Энергетика, индустрия және сауда вице-министрі, энергетика және минералды ресурстар вице-министрі, ҚР қоршаған ортаны қорғау министрі қызметтерін атқарған. 2014 жылдың 7 тамызынан бері "Қазатомөнеркәсіп" ұлттық компаниясын басқарып келді. 2015 жылдың 30 наурызында Нұрлан Қаппаров 45 жасқа толар еді.