Нұрсұлтан Назарбаев Павлодар облысының негізгі проблемаларын айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі. Бүгін, 7 тамыз күні Қазақстан Президенті өңірдің жұртшылық өкілдерімен және кәсіпкерлерімен кездесті.
Нұрсұлтан Назарбаев Павлодар облысының негізгі проблемаларын айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі. Бүгін, 7 тамыз күні Қазақстан Президенті өңірдің жұртшылық өкілдерімен және кәсіпкерлерімен кездесті.
Назарбаев ең алдымен аймақтағы шағын және орта бизнестің дамуына көңіл аударды. Атап айтқанда, ол тұрғын үйлердің бірінші қабаттарында шағын кәсіпорындарды ашып, дамыту керектігін айтты. "Шағын және орта бизнесті дамыту керек. Бизнестің 25% болуы - бұл аз. Бірінші қабаттарда шағын кәсіпорындарды көбірек ашу қажет. Мейлі, оларда 5-10 адам жұмыс істесін. Бұған барлық мүмкіндік бар. Бизнесті дамыту бағдарламасы бар, жеңілдетілген несие беріледі. Барлық жағдай жасалған", - деді Мемлекет басшысы.
Президент кездесу барысында "Ақ бұлақ" бағдарламасының іске асырылуына бақылауды күшейтуді талап етті. "Облыстың екінші мәселесі - ауызсумен қамтамасыз ету. Біз "Ақ бұлақ" бағдарламасы бойынша қаржы бөліп отырмыз. Ал елді мекендердің 30-ында ауызсу жоқ. Мұны қатаң бақылау керек", - деді ол.
Президент өңірдегі экологиялық ахуалға қатысты да сын айтты. "Өңірде экологиялық ахуал күрделі. Электр станциялары мен өнеркәсіп орындарынан таралатын зиянды қалдықтар көп. Не істеуге болатынын қараңыздар. Бұл жерде жағдайды мүлдем өзгерту керек", - деді ол. Ал аймақтағы азық-түлікпен қамту ісі жөнінде Елбасы: "Облыс Ресейден, өзге өңірлерден импорт өнімдерді көп әкеледі. Өзін етпен, сүтпен қамтамасыз етпейді. Көп өнім сырттан әкелінеді, сіздер өз-өздеріңізді қамтамасыз етулеріңіз қажет", - деді Президент.