Нұрсұлтан Назарбаев Шығыс Қазақстанда түсті металл қорын игеру жөніндегі жұмыстарды күшейту керектігін айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Нұрсұлтан Назарбаев Шығыс Қазақстанда түсті металл қорын игеру жөніндегі жұмыстарды күшейту керектігін айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"Қазақстан Президенті жетілдіруді қажет ететін бірқатар бағытты атап өтті. Соның ішінде, Мемлекет басшысы облыста түсті металдардың негізгі қоры шоғырланғанын, бірақ оларды игеру және экономикалық айналымға енгізу жөніндегі жұмыстарды күшейту керектігіне көңіл аударды", - делінген хабарламада.
Елбасы өнеркәсіптік бесжылдық шеңберінде іске қосылған нысандарды толыққанды пайдалану қажеттігін де айтты. "Әкімдіктердің бәрі жобаларды өз аумағына тартқысы келеді, бірақ жаңа өндірістік нысандардың сұранысқа ие болуы, нарыққа қажет өнім шығаруы тиіс екенін ескеру керек. Биыл барлық іске қосылған нысандардың жұмысын түгел қамтамасыз ету қажет", - деді Назарбаев.
Президенттің айтуынша, Шығыс Қазақстан облысы - өнімнің бірегей түрлері шығарылатын еліміздегі ірі өнеркәсіпті аймақтардың бірі. Қазақстанда әлеуметтік-экономикалық салалардың барлығында: бизнесті енгізу үшін, ауыл шаруашылығын ұйымдастыру үшін, тұрғын үй құрылысы, білім беру, медицина, мәдениет салалары үшін теңдессіз жағдайлар жасалып отыр. Енді халық тарапынан бастамалар талап етіледі, ол үшін тиісті түсіндіру жұмыстары жүргізілуі керек. Қазақстан Президенті жалпы алғанда, облыстың табысты дамып жатқанын, бірақ сол дамуға қарқын қосу керектігін атап өтті.
Мемлекет басшысы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа қол қоюмен бірге өңір экономикасы үшін жаңа нарықтар ашылғанын айтты. Индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын іске асыруға көп көңіл бөлініп отыр. Сонымен бірге, ауыл шаруашылығы жіті ілгерілеп келеді. Облыста майлы дақылдардың ширек бөлігі өндіріледі, аймақ ет пен сүт өнімдері жөнінен жетекші орындарды иеленеді.
Президент бұл өңірде республика үшін басым бағыт саналатын шағын және орта бизнес секторының қарқынды дамып жатқанын атап өтті. "Шағын және орта кәсіпорындар өндіретін өнім көлемі 2,5 есе өсті, жұмыс істейтін азаматтардың үштен бірі осы салада. Экономика үшін негізгі табысты ірі кәсіпорындар беретіндіктен бұл өте маңызды, бірақ олардың бәрі жұмыс орындарымен қамтамасыз етуге қауқарлы емес, сондықтан бұл орайда шағын бизнестің ролі өлшеусіз", - деді Мемлекет басшысы. Оның айтуынша, шағын кәсіпкерліктің дамуы халықтың орта табын қалыптастырып, экономикалық жүйенің ғана емес, әлеуметтік саланың да тұрақтылығын қамтамасыз етеді.
Президент өңірде халықтың орташа өмір сүру ұзақтығының 70 жасқа жуықтап, туу көрсеткішінің 41%-ға артқанын айтты. "Бұл өмір сүру деңгейі көтеріліп, денсаулық сақтау саласының халық үшін тиісті деңгейде жұмыс істеп жатқанын көрсетеді", - деді Елбасы.
Мемлекет басшысы Шығыс Қазақстан үшін айрықша өзекті мәселе - экологиялық ахуалды жақсарту жұмыстарын да атап өтті. Сондай-ақ ол баса ден қоюды қажет ететін бірқатар бағыттарға да тоқталды.
Аймақ жұртшылығымен және кәсіпкерлерімен кездесу барысында Президентке облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы жөніндегі баяндамасы ұсынылды. Сондай-ақ Мемлекет басшысы "жасыл экономика" және баламалы энергетика саласындағы жобалардың Oskemen EXPO 2014 көрмесін аралап көрді.
Шығыс Қазақстанға жасаған сапары барысында Елбасы Өскемен технологиялық жабдықтар зауытында, спорт кластері нысандары саналатын жекпе-жектер сарайында, жеңіл атлетикалық орталық пен жүзу бассейнінде де болды. Өскемен қаласының спорт базасын кешенді дамыту жұмыстары барысымен және Шығыс Қазақстан облысында спорт, білім, жастар саясаты саласында жүзеге асырылып жатқан жобалармен танысты. Сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаев "Айтас-МП" ЖШС-нің құс еті өнімдерін жете өңдеу және өндіру зауытында да болды.