Нұрсұлтан Назарбаев Словакия Республикасының Сыртқы және Еуропа істері министрі Мирослав Лайчакпен кездесті, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.
Нұрсұлтан Назарбаев Словакия Республикасының Сыртқы және Еуропа істері министрі Мирослав Лайчакпен кездесті, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.
Кездесу барысында екіжақты қарым-қатынасты жандандыру, саяси және экономикалық саладағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды.
Мемлекет басшысы екі ел арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнағанына 24 жыл толғанын айтты.
"Биыл Словакия Еуропалық одаққа төрағалық етіп, Братиславада одақтың саммитін өткізді. Бұл Словакия Республикасының Еуроодақ құрамында қарқынды дамып келе жатқанын білдіреді", - деді Елбасы.
Қазақстан Президенті республикамыздың тауар айналымының жартысына жуығын қамтитын ЕО-мен арадағы ауқымды экономикалық байланыстарға тоқталып өтті.
"Біз Еуропалық одақпен ынтымақтастық жөніндегі келісімге қол қойдық және оны сіздер қолдайды деп үміттенеміз. Осы құжаттың ратификацияланғаны үшін алғыс білдіремін", - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысы екіжақты байланыстарды жандандыру қажеттігін айтып өтті.
"Бүгінде Қазақстанда индустриялық-инновациялық бағдарлама іске асырылып, өңдеу саласын дамыту үшін экономика әртараптандырылып, жекешелендіру жүргізілуде", - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Словакияның Сыртқы және Еуропа істері министрі Мемлекет басшысын Қазақстан тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойымен және республиканың осы уақыт ішінде жеткен жетістіктерімен құттықтады.
"Елдегі саяси тұрақтылықтың, экономикалық және әлеуметтік дамудың арқасында Қазақстан Орталық Азия өңірінің көшбасшысына айналды. Біз елдеріңізбен барынша жақсы қарым-қатынаста болып, ынтымақтастықты жалғастыруға мүдделіміз. Бұл - менің сапарымның басты мақсатының бірі", - деді М.Лайчак.
Министр өзімен бірге келген кәсіпкерлер делегациясының өкілдері туралы да айтып өтті.
"Словакия бизнесмендері дәл қазір Қазақстандағы әріптестерімен кездесулер өткізіп жатыр. Мұндай басқосулардың басты міндеті - мемлекеттер арасындағы тауар айналымы көлемін арттыру", - деді М.Лайчак.
Сонымен бірге, Словакияның Сыртқы және Еуропа істері министрі Қазақстанның Еуропалық одақпен қарым-қатынасын жаңа сапалы деңгейге көтерудің маңыздылығын айтты.
Бұдан бөлек, М.Лайчак өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді реттеудегі еліміздің аса маңызды рөлін атап өтіп, оның мәні республикамыздың БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесіне алдағы мүшелігіне байланысты арта түскенін жеткізді.
Кездесу соңында Қазақстан Президенті бұл сапар мемлекеттеріміздің екіжақты қарым-қатынасының дамуы үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашатынына сенім білдірді.