ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Татарстан басшысы Рустам Миннихановты ІІ дәрежелі Достық орденімен марапаттады, - деп хабарлайды Тengrinews.kz тілшісі ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Татарстан басшысы Рустам Миннихановты ІІ дәрежелі Достық орденімен марапаттады, - деп хабарлайды Тengrinews.kz тілшісі ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Орденді 18 сәуір күні Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Төтенше және Өкілетті елшісі Марат Тажин өзінің Татарстан Республикасына жасаған сапары барысында табыс етті. "Сапар аясында оның Татарстан Республикасының Президенті Рустам Миннихановпен және Мемлекеттік кеңес төрағасы Фарид Мухамедшинмен келіссөздері өтті. Қазан Кремлінде өткен Татарстан Президентімен кездесу барысында екіжақты қарым-қатынастың өзекті мәселелері және Қазақстан мен Татарстан арасындағы өзара ықпалдастықты одан әрі дамыту болашағы талқыға салынды. Кездесу соңында қазақстандық дипломат ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың атынан қазақстандық-ресейлік қарым-қатынастар аясында Қазақстан мен Татарстан халықтары арасындағы бейбітшілік, достық пен ынтымақтастықты нығайтудағы зор еңбегі үшін елдің басшысына ІІ дәрежелі Достық орденін табыс етті", - делінген хабарламада.
Фарид Мухамедшинмен кездесу барысында тараптар екі елдің парламентаралық үнқатысуларының болашағы туралы, сонымен қатар Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Татарстан халықтары Ассамблеясының өзара ықпалдасуы туралы пікір алмасты. Қазан федералдық университетінің тарихи залында қазақстандық дипломат университеттің студенттері мен профессорлық-оқытушылық құрамы алдында "ХХІ ғасырдың ғаламдық сындары аясындағы "Қазақстан-2050" Стратегиясы" тақырыбында лекция оқыды.