ПОДЕЛИТЬСЯ
24 қазан 2016 | 14:22
Назарбаев тәуелсіздіктің алғашқы күнінен бастап Түркиямен қарым-қатынасқа биік деңгейде мән берді - Түймебаев
2016 жылдың 21-22 қазан күндері Анкара мен Ыстамбұлда Қазақстан Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі Жансейіт Түймебаевтың дипломатиялық миссиясының аяқталуына орай қабылдау өтті, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі елшіліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
ПОДЕЛИТЬСЯ
2016 жылдың 21-22 қазан күндері Анкара мен Ыстамбұлда Қазақстан Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі Жансейіт Түймебаевтың дипломатиялық миссиясының аяқталуына орай қабылдау өтті, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі елшіліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Шараға Түркия премьер-министр орынбасары Тұғрыл Түркеш, Түркия Президенті Баспасөз хатшысы Ибраһим Калын, Түркия Ұлы Ұлттық Мәжілісінің депутаттары Халюк Ипек, Исмаил Сафи, экс-министр Намык Кемал Зейбек, Кечиөрен муниципалитетінің мэрі Мұстафа Ак, Қазақстанның Еңбек Ері Олжас Сүлейменов және тағы басқа мемлекеттік ведомстваларының өкілдері, Түркиядағы дипломатиялық мекемелердің басшылары мен қызметкерлері, қазақ диаспорасы, бұқаралық ақпарат құралдары мен кәсіпкерлер қатысты.
Қабылдау кешіне қатысқан лауазымды қонақтардың алдында сөз алған Жансейіт Түймебаев Анкарада дипломатиялық миссияны атқарған кезінде қазақ-түрік қарым-қатынасының күшеюіне және дамуына қосқан зор үлесі үшін Түркия Президентіне, Түркия Үкіметіне, Түркия Ұлы Ұлттық Мәжілісіне және бүкіл түрік халқына ризашылығы мен алғысын білдірді. "Сондай-ақ, менің дипломатиялық қызметті атқарған кезімде өзара түсіністікпен және достықпен бірге жұмыс істеген дипломатиялық мекемелерінің басшыларына, әріптестеріме алғыс айтамын", - деді Жансейіт Түймебаев. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тәуелсіздіктің алғашқы күнінен бастап, Түркия арасындағы қарым-қатынасына биік деңгейде мән беріп, достық пен бауырластықты нығайтуға зор үлес қосып отырғандығын атап өткен Жансейіт Түймебаев: "Қарқынмен жалғасып отырған екіжақты байланыс қазақ-түрік қарым-қатынасының белсенді дамуы үшін ең жоғары деңгейдегі мығым тұғырнама болып табылады", - деді. Сондай-ақ, жаңа елші тағайындалғаннан кейін Түркия Үкіметінің Қазақстанның елшілігіне қолдау көрсететіндігіне сенім білдірді. Сөз соңында Түймебаев бауырлас түрік халқына қонақжайлылық үшін алғыс айтып, Түрік еліне жүрекжарды тілектерін жеткізді.
Шарада сөз алған Түркия премьер-министрі Тұғрыл Түркеш: "Жансейіт Қансейітұлымен танысқан күннен бастап, бауырластық байланысымыз биік деңгейде жалғасты. Екі елге қатысты мәселелер бойынша жиі-жиі кездесіп отыратынбыз. Тамырлас қазақ халқының құндылықтарын таныта отырып, бауырластығымыздың нығаюына үлкен септігін тигізді. Түркия премьер-министрінің арнайы сәлемін және құттықтау лебізін өзіне жеткіздім. Жаңа қызметіне шын жүректен табыс тілейміз!", - деді.
Ал Түркия президентінің арнайы сәлемін және құттықтауын жеткізген Түркия Президенті Ибраһим Калын Елші Жансейіт Түймебаевты жаңа қызметке тағайындалуымен шын жүректен құттықтап: "Жансейіт Қансейітұлы Түркияда қызмет істеген жылдарында екі ел арасындағы саяси-экономикалық, мәдени-гуманитарлық қарым-қатынастың дамуына зор үлес қосты. Бірге тығыз байланыста болдық. Әрине, Түркі дүниесінің абызы, Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың дәл осындай қабілет-қарымы бар елшіні тағайындауы кездейсоқтық емес. Ол - шын мәнінде Қазақ еліне және Елбасыға адал жан. Оның жетістігі тек қана екі ел арасындағы қарым-қатынасты дамытуында емес, әсіресе соңғы кездерде аймақтық мәселелер бойынша бірге өте тығыз жұмыс істедік. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, өзіне шын жүректен ризашылығымызды жеткіземіз", - деп алғыс айтты.
Түркия премьер-министр орынбасары Тұғрыл Түркеш пен Түркия президентінің баспасөз хатшысы Ибраһим Калын Түркия Үкіметі үйінде Елші Түймебаевты қабылдап, алғыс хатпен марапаттады.
Шара барысында Қазақстанның Түркиядағы елшілігінде түрік кәсіпкерлерге арналған "Оңтүстік Қазақстан облысының инвестициялық мүмкіндіктері" атты конференция өтті. Конференцияда Елші Жансейіт Түймебаев Оңтүстік Қазақстан облысының ивестициялық мүмкіндіктері туралы ақпарат беріп, Түркияның белді-беделді кәсіпкерлерімен келіссөздер жүргізді. Жиынға қатысқан бизнес өкілдері мен өндіріс саласының белгілі инвесторлары Қазақстанмен байланысты күшейтетіндіктерін жеткізді.
Еске салайық, биыл 7 қазанда Жансейіт Түймебаев ОҚО әкімі болып тағайындалған болатын. "Жансейіт Қансейітұлы Түймебаев Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі болып тағайындалсын, ол Қазақстан Республикасының Түрік Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметінен, Қазақстан Республикасының Албания Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі міндетін қоса атқарудан босатылсын", - делінген Ақорданың сайтында жарияланған Жарлықта.
Показать комментарии
Читайте также