Нұрсұлтан Назарбаев түрікмен әріптесімен кездесу кезінде екіжақты тауар айналымының бұрын-соңды болмаған деңгейге жеткенін атап өтті, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Ақорданың ресми сайтына сілтеме жасап. Қазір Қазақстан Президенті Түрікменстанда жұмыс сапарымен жүр.
Нұрсұлтан Назарбаев түрікмен әріптесімен кездесу кезінде екіжақты тауар айналымының бұрын-соңды болмаған деңгейге жеткенін атап өтті, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Ақорданың ресми сайтына сілтеме жасап. Қазір Қазақстан Президенті Түрікменстанда жұмыс сапарымен жүр.
Мемлекет басшысы түрікмен әріптесімен келіссөздер кезінде бүгінгі жағдайда Қазақстан-Түрікменстан-Иран теміржолы екі елдің экономикалық серіктестігіне елеулі серпін беретінін айтты.
"Парсы шығанағына қарай теміржол төселуіне байланысты осы жылы тауар айналымы 38%-ға өсті. Бұрын мұндай болған емес. Ынтымақтастыққа қажетті резервтер көп, оларды халықтарымыздың игілігіне пайдаланған жөн", – деді Қазақстан Президенті.
Кездесу барысында екі елдің саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастығының даму болашағы мен халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер талқыланды. Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан мен Түрікменстанның ежелден қалыптасқан тарихи және мәдени байланыстардан бастау алатын екіжақты қарым-қатынастары дәстүрлі достық сипатта екендігін атап өтті.
Елбасы Қазақстан мен Түрікменстанның көлік-транзиттік әлеуетін дамытуды қамти отырып, екіжақты ынтымақтастықтың барлық жағы бойынша өзара іс-қимылды ұлғайту керектігіне тоқталды.
"Біз сауда, саяси және мәдени байланыстардың деңгейін көтеру үшін бар күш-жігерді жұмылдыруға тиіспіз деп санаймын. Қазақстан Түрікменстан үшін газ құбырының ғана емес, теміржолдың да транзиттік бағыты болып саналады", – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Өз кезегінде Гурбангулы Бердымұхамедов Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Түрікменстанға сапары өзара байланыстарды барлық жағынан кеңейту тұрғысында маңызды екенін атап өтті.