Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Түркия басшысы Режеп Тайып Ердоған мен Германия Федералдық канцлері Ангела Меркельге Ыстамбұлда болған терактіге байланысты көңіл айту жеделхатын жолдады, - деп хабарлайды Тengrinews.kz тілшісі.
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Түркия басшысы Режеп Тайып Ердоған мен Германия Федералдық канцлері Ангела Меркельге Ыстамбұлда болған терактіге байланысты көңіл айту жеделхатын жолдады, - деп хабарлайды Тengrinews.kz тілшісі.
Қазақстан Президенті жарылыс туралы хабарды зор күйзеліспен қабылдағанын атап өткен.
"Бүгінде терроризм бүкіл адамзатқа үлкен қатер төндіріп отыр. Бұл зұлымдықты тек күш-жігер жұмылдыру арқылы ғана жеңуге болады. Қазақстан бейбіт өмір мен елдеріміздің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін заманауи сын-қатерлерге қарсы күрес жолында Түркиямен тығыз ынтымақтастықты жалғастыруға дайын", делінген жеделхатта.
Нұрсұлтан Назарбаев қаза болғандардың туыстарына Қазақстан халқының және жеке өзінің атынан көңіл айтты, сондай-ақ зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуіне тілектестігін білдірді.
Мемлекет басшысының атынан Германия Федералдық канцлері Ангела Меркельге де Түрік Республикасының Ыстамбұл қаласында болған террорлық акт салдарынан неміс азаматтарының қаза табуына байланысты көңіл айту жеделхаты жолданды.
"Қазақстан жаһандық қауіпсіздікке қатер төндіретін терроризм мен экстремизмнің кез келген түрін айыптайды және бүкіл халықаралық қоғамдастықтың оған қарсы күресін қолдайды", - делінген жеделхатта. Назарбаев Қазақстан халқының және жеке өзінің атынан А.Меркельге, қаза болғандардың туыстары мен жақындарына, сондай-ақ бүкіл Германия халқына шын ниетпен көңіл айтты.
Еске сала кетейік, Ыстамбұлдағы жойқын жарылыс Астана уақыты бойынша кеше сағат 14.20-да Сұлтанахмет алаңындағы трамвай аялдамасы маңында болды. Сол кезде аялдамада Германиядан келген саяхатшылар болыпты. Болжам бойынша, жарылысты жанкешті жасаған.