ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев "Эни" компаниясының бас атқарушы директоры Клаудио Дескальцимен кездесу барысында Қашаған кен орнына алаңдатушылық білдірді. Кездесу Шетелдік инвесторлар кеңесі аясында өтті, - деп хабарлайды Tengrinews.kz Ақордаға сілтеме жасап.
ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев "Эни" компаниясының бас атқарушы директоры Клаудио Дескальцимен кездесу барысында Қашаған кен орнына алаңдатушылық білдірді. Кездесу Шетелдік инвесторлар кеңесі аясында өтті, - деп хабарлайды Tengrinews.kz Ақордаға сілтеме жасап.
"Әңгіме барысында Мемлекет басшысы Қашаған мұнай-газ кенішін игеруге байланысты жобаны жүзеге асыру барысына қатысты алаңдаушылығын білдірді", - делінген хабарламада.
Кездесуде компанияның Қарашығанақ және Солтүстік Каспий жобаларын жүзеге асыруға қатысуы жөніндегі негізгі жайттар, сондай-ақ "ҚазМұнайГаз" ҰК АҚ-мен өзара іс-қимылы туралы әңгіме қозғалды. Қазақстан Президенті Дескальциді тағайындалған қызметімен құттықтап, жетістікке жете беруіне тілек білдірді.
"Біздің кездесуіміз Италия премьер-министрі Маттео Ренцидің жұмыс сапары қарсаңында өтіп отыр. Біздің елдеріміздің арасындағы қарым-қатынас ылғи да жоғары деңгейде болды. "Эни" компаниясы Қазақстанда 20 жыл бойы жұмыс істеп келеді, біздің ынтымақтастығымыздың ең басты тармағы Солтүстік Каспий жобасы болып саналады. Туындаған қиындықтарға қарамастан, біз қойылған міндетті әрі қарай шеше алатынымызға сенімдімін", - деді Назарбаев.
Қашағаннан мұнай өндіру 2013 жылдың 11 қыркүйегінде басталған. Бірақ, 24 қыркүйек күні кезекті тексеріс барысында газ құбырының тесіліп қалғаны анықталған. Оның жөндеу жұмыстары 6 қазан күні біткен, бірақ 9 қазан күні кезекті тексеріс барысында тағы сол құбырдан газдың шығып жатқаны анықталған. Содан кейін мұнай өндіру тағы да тоқтатылған. Сол кезде Қашаған жобасының операторы NCOC кен орнының барлық құбырларын жөндейміз деген болатын. Одан бөлек, мұнай және газ министрі Ұзақбай Қарабалин Қашаған кен орнының Қазақстандағы жаңа мердігерлері 2014 жылы белгілі болады деген еді.
Сондай-ақ елбасы "Ресей Сбербанкі" ААҚ басқармаcының төрағасы Герман Грефтпен кездесті. Кездесу барысында банктің Қазақстандағы қызметі, оның еліміздің қаржы-экономикалық секторын дамытуға бағытталған түрлі жобаларды жүзеге асыруға қатысу мәселелері талқыланды. Одан бөлек Нұрсұлтан Назарбаев "Гленкор Экстрата" компаниясының атқарушы директоры Айван Глазенбергті қабылдады. Бұл кездесу барысында энергетика, тау-кен металлургия және ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды.