10 наурыз 2021 | 13:04

"Нені күтіп жүрсіз?". Нығматулин министрді сынға алды

ПОДЕЛИТЬСЯ

Мәжіліс отырысында индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов қымбат металдардың заңсыз айналымына байланысты есеп берді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.


Иконка комментария блок соц сети

Мәжіліс отырысында индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов қымбат металдардың заңсыз айналымына байланысты есеп берді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Мәжілісте "Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде бағалы металдармен және асыл тастармен операцияларды жүзеге асыру ерекшеліктері туралы келісімді ратификациялау туралы" заң жобасын талқылау барысында депутат Альберт Рау министрден бағалы металдардың заңсыз айналымына жауапкершілік қандай болатынын сұрады.

"Мемлекеттер ЕАЭО шеңберінде бағалы металдар, асыл тастар, олардан жасалған бұйымдардың заңсыз айналымы үшін әкімшілік және өзге де жауапкершілікті үйлестіру жөнінде шаралар қабылдайды. (...) Қай бағытта үйлестіреміз - жауапкершілікті күшейту немесе жеңілдету", - деп сұрады Рау.

"Шынында да, бұл мәселе біздің күн тәртібімізде алты жылға жуық уақыт қаралып келеді. 2016 жылдан бастап министрлік қылмыстық жауапкершілікті күшейту, бағалы металдар айналымына заңсыз әкету, қайта өңдеу үшін жауапкершілікті күшейту мәселесіне тұрақты негізде бастамашылық етеді. Біз бірнеше рет бұл мәселені көтердік, бірақ соған қарамастан, Бас прокуратура қылмыстық кодексті ізгілендіру аясында бізді қолдамады. 2018 жылы Ақмола облысында асыл металдар мен концентраттарды ұрлау дерегі болған кезде біз бұл мәселені тағы да қозғадық. 2019 жылы әкімшілік кодекске айыппұл енгізілді, ол қатаң қорғалатын нысандарға ену бойынша.

Бірақ бізде, ЕАЭО мүше елдерде осы заңбұзушылықты жазалау мәселелеріне келгенде әртүрлі көзқарас бар. Біз бүгін талдау жасап, жазаны күшейтуге, Қылмыстық кодекске өзгерістер енгізуге жұмыстар жүргізіп жатырмыз. Үйлестіру әлі де жүріп жатыр, өйткені барлық мүше мемлекет көзқарасы әртүрлі. Кейбір мемлекетте бұл қылмыстық жаза, кей мемлекетте әкімшілік айыппұл деңгейінде", - деп жауап берді Атамқұлов.

Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығматулин Қазақстанда бағалы металдар заңсыз айналымына жаза қылмыстық сипаттан арылғанына, ал Ресей мен Беларусьте мұндай құқықбұзушылықтарға қылмыстық жауапкершілік көзделгеніне назар аударды.

"Елімізде тек әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Қымбат металдарды ұрлау және оның заңсыз айналымы төмендеп жатқан жоқ, керісінше жылдан жылға көбейіп келеді. Соған қарамастан жауапкершілік әлсіз", - деді Мәжіліс төрағасы.

Оның айтуынша, тек "Қазақалтында" 2015-2020 жыл аралығында 32 мыңнан аса заңсыз кен іздеуші ұсталған. 2019 жылдың ақпанынан бастап 2020 жылдың қыркүйегіне дейін 5 722 заңсыз кен іздеуші ұсталып, полицияға тапсырылды, олардың 80 пайызы қайта қылмыс жасауға барған.

Сонымен қатар, Нұрлан Нығматулин қылмыскерлерді әкімшілік қамауға алу да, айыппұл да тоқтатпайтынын айтты.

"Сарапшылар пікіріне сүйенсек, бізде заңды түрде өндірілген әрбір үш тонна алтынға заңсыз өндірілген бір тонна алтын келеді. Акционерлер, инвесторлар түрлі шара қабылдап жатыр. Ішкі істер министрлігі белсенді күрес жүргізіп жатқанына қарамастан жағдай жақсармай тұр. Бейбіт Бәкірұлы, шын мәнінде министрлік те, үкімет те жазаны қатайту жөнінде бір де бір рет ұсыныс жасаған жоқ. ІІМ де, Бас прокуратура да жауапкершілікті күшейтуге қарсы емес. Мәселе басқада - министрлік кімнің жағында. Сіз отандық кәсіпорындардың акционерлері жағындасыз ба? Әлде заңсыз кен іздеушілермен біргесіз бе?", - деді Нығматулин.

Құқықбұзушылықтар үшін жазаны күшейту қажет екені туралы жауабын тыңдаған мәжіліс спикері министрлік неге мұндай ұсыныстар енгізбеді деген мәселені көтерді.

"Сонда нені күтіп жүрсіз? Неге бұрын ұсынбадыңыз? Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі бірінші кезекте қымбат металдардың заңсыз айналымы үшін жазаны қатаңдатуы қажет. Сізге бұл мәселені айтып қана қою керек емес. Оған үлес қосуыңыз керек. Біз сізді толық қолдаймыз. Құқық қорғау органдары да сізді қолдайды деп ойлаймын", - деді Мәжіліс спикері.

Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда "ВКонтакте" желісінде парақшамызға тіркеліңіз!

Читайте также
Join Telegram
Лого TengriSport мобильная Лого TengriLife мобильная Иконка меню мобильная
Иконка закрытия мобильного меню

Валюта бағамы

 494.98   521.17   4.92 

 

Ауа райы

 

Редакция Жарнама
Социальные сети