Нұрлан Ноғаев Атырауда қалай болса солай құрылыс жүргізу жұмыстарын доғаруды тапсырды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Нұрлан Ноғаев Атырауда қалай болса солай құрылыс жүргізу жұмыстарын доғаруды тапсырды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Атырау облысының әкімі қалада көлік тұрақтары мен балалар ойнайтын алаңдардың жетіспеушілігі мәселесін көтерді.
"Қазір біздегі ықшамаудандардың жағдайына көз салса, мұңды көрініс байқауға болады - үйлер арасында мүлде бос орын жоқ, балалар ойнайтын алаңдар да жоқ",- деді жиналғандарға Нұрлан Ноғаев.
"Қаладағы құрылыс қалай болса солай жүріп жатыр. Бос орын тауып алып, ол жерге 7-8 үйді қадап қою әдісін тоқтату керек. Қазір көптеген балалардың ойнайтын орны жоқ. Қалада неге спорт алаңдары аз? Балаларға спортпен айналысатын мүмкіндік беріңіздер. Бұл Елбасының тікелей тапсырмасы", - деді облыс әкімі.
Оның ойынша, ойын және спорт алаңдары балалар қылмысы мәселесін шешеді.
"Қазір балалар үйінде компьютер алдында отыр немесе өз күшін спортқа жұмсауға мүмкіндігі болмағандықтан, оны далаға шығып басқаша жұмсайды", - деп есептейді облыс басшысы.
Сонымен қатар Нұрлан Ноғаев облыс орталығында көлік тұрақтарының жетіспейтіндігін де атап өтті.
"Біз әр жерде Атырау мұнайлы астана дейміз, бірақ Сәтбаевқа қарай (Атыраудың орталық көшесі) бет алса болғаны, бізде бітіру керек жұмыстың толып жатқаны бірден көрінеді", - деді әкім.
"Министр келіп, осы мәселені сіздер үшін шешеді деп ойлайсыздар ма? Облыс орталығында өмір сапасын арттыруға бізде барлық мүмкіндік бар, онда неге жасалып жатқан жұмыс тым аз? Егер сіздерде көлік тұрағын салуға жер жетпесе, көп қабатты паркинг салыңыздар немесе үйдің жертөлелерін тұрақ етіп жасаңыздар", - деп міндет қойды облыс әкімі.
Кеңес қорытындысы бойынша Нұрлан Ноғаев Атырау қаласының әкімі Серік Шәпкеновке қалада ойын және спорт алңдарын, сондай-ақ, көлік тұрақтарын салу арқылы қаланы көріктендіру жолын қарастыруды тапсырды.