"Нұр Отан" партиясының баспасөз хатшысы Жасұлан Әбдіманап (Әбдіхалық) Тараздағы 20 жастағы жігіттің өз-өзін өртеу оқиғасына қатысты Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында түсінік берді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
"Нұр Отан" партиясының баспасөз хатшысы Жасұлан Әбдіманап (Әбдіхалық) Тараздағы 20 жастағы жігіттің өз-өзін өртеу оқиғасына қатысты Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында түсінік берді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
"Партия филиалының қызметкерлері өзіне-өзі қол салған азаматқа шұғыл көмекке ұмтылып, өрт сөндіру шараларын жасады, сонымен бірге дереу жедел медициналық жәрдемді және полиция қызметкерлерін шақыртты.
Қажетті жәрдем көрсетілгеннен кейін, филиал қызметкерлері Ерлан Бектібаев жайлы мәлімет жинап, оқиға куәгерлерінен ақпарат алды, сондай-ақ Жамбыл облыстық ІІД-ден анықтама сұратты", - деп жазды Әбдіманап парақшасында.
Оның айтуынша, өзіне-өзі қол жұмсар алдында аталған азамат өзінің бұндай әрекетке баруының себебі ішкі істер департаменті қызметкерлері тарапынан қысым көрсетілуі екенін мәлімдеген. "Бірақ, Ерлан Бектібаевтың бұған дейін партияның облыстық және қалалық филиалдары қоғамдық қабылдау бөлмелеріне келіп шағымданбағаны анықталды", - деп жазды ол.
Сонымен қатар, ол, Тараз қалалық прокуратурасының мәліметінше, Ерлан Бектібаевтың 25.07.1995 жылы Өзбекстан Республикасында туған, Оңтүстік Қазақстан облысына қарасты Сайрам ауданының Ақсукент ауылында тіркелгенін атап өтті. Бұрын ауыр қылмысы үшін сотталған, сондай-ақ Тараз қалалық ІІД қызметкерлерінің жедел іздестіру шаралары кезінде есірткі заттарын сақтағаны үшін қайта ұсталған. "Аталған оқиғаның "Нұр Отан" партиясы Орталық аппаратының бақылауына алынғанын хабарлаймыз", - деп жазды "Нұр Отан" партиясының Жамбыл облысы жөніндегі филиалының баспасөз хатшысы Жасұлан Әбдіманап.
Еске салайық, 20 жастағы жігіт 24 қазанда Тараздың орталық алаңында сағат шамамен 10.30-да өзін-өзі өртеп жіберген болатын. Алған жарақатынан ер адам қалалық ауруханада көз жұмды. Өртеу алдында ол қалыптасқан жағдайға полиция қызметкерінің кінәлі екенін хабарлады.