Нұр-Сұлтанда "Мерейлі отбасы" қалалық байқауының жеңімпаздары анықталды

31 Мамыр, 11:19
0
Нұр-Сұлтанда "Мерейлі отбасы" қалалық байқауының жеңімпаздары анықталды - © astana.gov.kz
© astana.gov.kz

Нұр-Сұлтандағы "Қазмедиа холл" киноконцерттік залында "Мерейлі отбасы" қалалық конкурсының қорытынды кеші өтті, - деп хабарлайды Тengrinews.kz тілшісі елордалық әкімдік баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

"Мерейлі отбасы" Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен биыл алтыншы жыл қатарынан өткізіліп отыр. Жыл сайын конкурс үш деңгейде (аудандық, облыстық және республикалық) жүзеге асырылып жатыр. 

Байқаудың шарты бойынша сәуір айында Нұр-Сұлтан тұрғындары арасында өтініштер қабылданды. Нәтижесінде 70-ке жуық отбасы ниет білдіріп, тиісті құжаттарын тапсырды. Олардың арасында шығармашылық саласының мамандары, әскери қызметкерлер, дәрігерлер, мұғалімдер, құрылысшылар, көпбалалы отбасылар, сондай-ақ қоғамның өзге де түрлі салаларында қызмет етіп жүрген тұлғалар бар. Конкурсқа еңбек жолында, спортта, шығармашылықта үлкен жетістікке жеткен отбасылар іріктелді.

Нәтижесінде "Мерейлі отбасы" Нұр-Сұлтан қалалық байқауының бас жүлдесіне Сейітжан Қойбақовтар әулеті ие болды. Қойбақовтар - Ұлы Отан соғысының батыры мен тыл ардагері, батыр анадан тараған әулет. Әулеттің анасы Бакира Нысанбайқызы 91 жаста. 10 баланы өсіріп, одан 32 немере, 31 шөбере, 5 шөпшек сүйіп отыр. Жанұяда 3 ғылым докторы, 2 ғылым кандидаты, 2 заң қызметкері, 3 медицина маманы бар. Сол сияқты 7 адам әскери қызмет саласында еңбек етеді.

Ал байқаудың I орны Дүйсенғазы отбасына бұйырды. Бұл әулет ақын Дүйсенғазы Қасымұлынан тараған. Отбасында бәрі өлең шығару, суырыпсалма ақындығымен танылған. Байқауға өтінім жолдаған Серікзат Дүйсенғазы елімізге айтыскер ақындығымен белгілі. Ал жұбайы Айнұр Қастайқызы екеуі 3 бала тәрбилеп отыр.

"Мерейлі отбасы" конкурсында жүлделі II орын екі әулетке табысталды. Оның бірін елімізге ұстаздығымен елге еңбегі сіңген көпбалалы Еркін Дәуешовтер жанұясы жеңіп алды. Ал екіншісі рухани тәрбиені насихаттаушы Азамат Мәлжанбай әулетіне бұйырды.

Үздік үштік екі бірдей көпбалалы отбасыға табыс етілді. Оның алғашқысы Ержан Оспанқұловтар әулеті болса, екіншісі - Байділда Қадырбаевтар отбасы. Екі әулет те 8 баланы бағып-қағып өсірген.

Жиында сөз алған Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Ерлан Қаналимов отбасы құндылықтары туралы жылы лебізін білдіріп, "Мерейлі отбасы" конкурсы жайлы қозғап өтті.

"Елдегі үлгілі жанұяларды айшықтап, оларды насихаттау, отбасы институтын нығайту қазіргі заманның ең басты құндылығы. Конкурсқа қатысушы отбасылардың бәрі үлгілі, өзіндік лайықты жетістіктерге ие. Бүгін комиссияның шешімімен жүлделі орынға қол жеткізген жанұяларды марапаттап отырмыз. Барлық отбасыларға денсаулық, бақ-береке, саналы бақыт тілеймін!" - деді Ерлан Қаналимов өз сөзінде.

Бұған қоса ұйымдастырушылар белсенділік танытқаны үшін арнайы номинация иегерлерін де марапаттады. "Талантты отбасы" номинациясы музыка саласында еңбек етіп жүрген Естай Айтқұловтар жанұсына бұйырса, "Әлеуметтік белсенді отбасы" номинациясын Қанат Абдуллиндер әулеті жеңіп алды. Ал, "Спортшы отбасы" аталымын Тимур Спатаевтар отбасы иеленді.

Салтанатты кеште жеңімпаздар мен жүлдегерлерге еліміздің үздік әншілері өз өнерлерін көрсетті.

Получить короткую ссылку


  • Подписаться на канал новостей TengriNews:

  • Google News
  • Yandex News
  • Yandex Zen

Нравится Поделиться
Пікір қалдырыңыз
Оқылып жатыр
Талқыланып жатыр
Бүгін
Апта
Ай