Марқұм Нұрай Серікбайдың туыстары желіде тараған видеоға шағымданды. Болжам бойынша, ол кадрладры бұрынғы полицейлер жариялаған. Отбасы бұл әрекетті тергеу құпиясын бұзу және қоғамдық пікірге қысым жасау деп бағалады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Не болған?
Әлеуметтік желілерде, болжам бойынша, Шымкент Полиция департаментінің бұрынғы қызметкерлері жариялаған видео тарады. Жазбада Нұрай Серікбай өзін мәжбүрлеп некеге тұрғызу мақсатында ұрлап әкетпегенін және сол күні күдіктінің көлігіне өз еркімен отырғанын айтады. Видеода Нұрайдың ер адамға ешқандай шағымы жоқ екені де айтылады.
Экс-полицейлер кейбір БАҚ-қа берген сұхбаттарында өздерінің жұмыстан босатылуын әділетсіз деп атаған.
Скриншот: видео/typicalkaz/Instagram
Отбасының адвокаты не дейді?
Марқұм Нұрай Серікбайдың отбасының адвокаты Сержан Нұрпейісов істің кейбір жаңа мән-жайын айтты.
"Біз тергеу құпиясын бұзғаны үшін шағым түсірдік. Енді бұл әрекетке тергеу тарапынан құқықтық баға беріледі", – деді адвокат.
Оның айтуынша, трагедиядан кейін бірқатар жоғары лауазымды полиция қызметкерлері қызметінен босатылған.
"Ашық дереккөздер мен БАҚ мәліметіне сүйенсек, Шымкент Полиция департаментінің бастығы, оның бірінші орынбасары, тергеу басқармасының бастығы, Қаратау аудандық Полиция басқармасының бастығы, оның орынбасары және тергеуші қызметінен босатылған. Оларға қатысты қылмыстық істер қозғалған, алайда қандай бап бойынша және қалай қаралатыны, ол да тергеу құпиясы", – деді Нұрпейісов.
"Адам өлтіру" және "Алып қашу"
Қорғаушы Нұрай Серікбайдың өліміне күдіктіге тергеу қандай баптар бойынша айып тағып отырғанын нақтылады.
"Күдіктіге қатысты Қылмыстық кодекстің 99-бабы 1-бөлігі "Адам өлтіру" және 125-1-бабы "Некеге тұруға мәжбүрлеу" бойынша іс қозғалды", – деді ол.
Алайда отбасының адвокаты мұндай саралаумен келіспейтінін айтты.
"Біз 99-баптың 1-бөлігімен келіспейміз және істі 2-бөліктің 5-тармағына "Айрықша қатыгездікпен жасалған адам өлтіру" деп қайта саралауды талап етеміз. Тиісті өтінішхаттар берілді, жауабын күтіп отырмыз. Сонымен қатар сталкинг бойынша бап қосуды да сұраймыз", – деді ол.
Отбасының ұстанымы
Жарияланған видеоға қатысты Нұрайдың ағасы кадрларда қарындасының қорқып тұрғаны анық көрінетінін айтты.
"Нұрайды мұндай күйде көру бізге өте ауыр тиді. Тіпті жай қарап-ақ оның көзіндегі қорқынышты байқауға болады. Мұндай материалдарды жариялау, бұрынғы полицей тарапынан дұрыс емес әрекет болды, себебі тергеу деректері құпия болуы тиіс. Оның мұндайдан кейін неге сұхбат бергені және бұл тергеуге қалай көмектесетінін түсінбейміз", – деді Сұлтан Серікбай.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!