Болат Назарбаевтың ұлы, кәсіпкер Нұрбол Назарбаев өзін банкрот деп тану жөнінде өтініш берді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Мән-жайы
Биыл қыркүйекте Нұрбол Назарбаев сотқа өзін банкрот деп тану туралы өтініш берген. Сот өтінішті қабылдап, азаматтық іс қозғаған.
Қазанда Shishkin Like Telegram-арнасы Нұрбол Назарбаевтың 15 қыркүйектен бері жалпы сомасы 57 миллиард теңгеден аса қарызы бар борышкер ретінде тіркелгенін жазды. Оның барлық банк шоттары, мүлкі бұғатталып, компаниялардағы оған тиесілі акцияларға шектеу қойылған. Нұрбол Назарбаевқа елден шығуға да тыйым салынған.
Сот не шешті?
Tengrinews.kz-тің ресми сауалына жауап берген соттың баспасөз қызметі Нұрбол Назарбаевтың бұл өтініші қараусыз қалдырылғанын хабарлады.
"2025 жылдың 19 қарашасындағы анықтамаға сәйкес, Назарбаев Нұрбол Болатұлының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімін қолдану туралы өтініші қараусыз қалдырылды", – деп хабарлады сот.
Бұл оның банкрот мәртебесін ала алмағанын білдіреді.
Анықтама: Істің қараусыз қалдырылуы – істің жабылуы емес. Бұл тек белгілі бір талаптар орындалмағанын білдіреді. Борышкер мәселені түзеп, өтінішті қайта тапсыра алады.
Нұрбол Назарбаев туралы не белгілі?
Нұрбол Назарбаев – белгілі қазақстандық кәсіпкер, елдегі ең бай бизнесмендер рейтингіне бірнеше рет енген.
Рейтингтегі орны:
- 2024 жылы - 49-орын
- 2025 жылдың мамырында - 57-орын
2025 жылы оның байлығы шамамен 179 миллион доллар деп бағаланған. Нұрбол Назарбаев бірнеше компанияға иелік етеді және үлескер:
- Prime Capital Invest ЖШС иесі
- Prime Capital Holding ЖШС иесі
- "PLS инвестиционно-строительная компания" ЖШС үлескері
Бұған дейін, 2003–2017 жылдары ол Алматы және Алматы облысының күштік құрылымдарында қызмет атқарған.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!