"Самұрық-Қазына" ҰӘҚ АҚ омбудсмені Нұрлан Ерімбетов қайтыс болды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz. Ерімбетовтің қайтыс болғанын қордың баспасөз қызметі растады.
"Самұрық-Қазына" ҰӘҚ АҚ омбудсмені Нұрлан Ерімбетов қайтыс болды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz. Ерімбетовтің қайтыс болғанын қордың баспасөз қызметі растады.
"Иә, амал не, бүгін сағат 9.30-да қайтыс болды", - деді "Самұрық-Қазына" ҰӘҚ АҚ қоғаммен байланыс департаментінің басшысы Сергей Куянов.
Ерімбетовтің неден қайтыс болғаны әзірше белгісіз. Алайда, Куяновтың айтуына қарағанда, ол бұған дейін жүрегі ауырып, екі рет ауруханаға жатқызылған.
Нұрлан Ерімбетов 58 жасында дүниеден озды. Өмірінің соңғы жылдарында "Самұрық-Қазына" ҰӘҚ АҚ омбудсмені болды.
Саясаттанушы, қоғам қайраткері Ерімбетов 2012 жылдан бастап "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры" Акционерлік Қоғамы жанындағы "Әлеуметтік әріптестік орталығы" КҚ-ның бас директоры, 2013 жылдан бастап "Қазақстанның Азаматтық Альянсы" заңды тұлғалар бірлестігінің президенті болды.
Нұрлан Кенжебекұлы Ерімбетов 1960 жылы 28 мамырда дүниеге келген. 1979-1983 жылдары Мәскеу мемлекеттік мәдениет институтында оқыған. 1985-1997 жылдары Қызылорда қалалық мәдениет бөлімінің меңгерушісі, Қызылорда облыстық мәдениет комитеті бөлімінің меңгерушісі, Қызылорда облыстық мәдениет комитеті төрағасының бірінші орынбасары, ҚазССР Мемлекеттік мәдениет комитетінің басқарма бастығы қызметінде болды. 1997-2004 жылдары Қызылорда облысы әкімінің орынбасары қызметін атқарды. 2004-2005 жылдары "Отан" партиясы саяси кеңесінің хатшысы болды. 2006 жылдан "Мәдени майдан" қоғамдық бірлестігінің төрағасы қызметін атқарды. 2007-2010 жылдары Қазақстан гуманитарлық-саяси конъюнктура орталығының атқарушы директоры, "АйтPARK" қоғамдық-саяси интелектуалды клубының негізін қалаушы әрі модераторы болды.