Атырау облысындағы Махамбет ауданына жұмыс сапары кезінде аймақ басшысы Нұрлан Ноғаев жергілікті кәсіпкер Нұрлыбек Бисенбаевтен домбыра сатып алды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Атырау облысындағы Махамбет ауданына жұмыс сапары кезінде аймақ басшысы Нұрлан Ноғаев жергілікті кәсіпкер Нұрлыбек Бисенбаевтен домбыра сатып алды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Облыс әкімі бүгін, 10 ақпанда Махамбет ауданы әкімінің тұрғындарға берген жылдық есебіне қатысып, атқарылған жұмыстармен танысып жатыр. Есеп беру жиыны басталмас бұрын аймақ басшысы жергілікті кәсіпкерлермен кездесіп тілдесті. Әкіммен кездесуге ешкі сүтін өңдеп сататын зауыттың басшысы, сиыр фермасының, ұлттық киімдер тігетін цехтың, ағаш өңдеумен айналысатын кәсіпорынның негізін қалаушылары келді.
Облыс әкіміне бизнесін таныстырған домбыра жасау цехының басшысы Нұрлыбек Бисенбаев 2015 жылы "Ауылдық жердегі шағын және орта бизнесті қолдау" бағдарламасы аясында 4 миллион теңге несие алғанын айтты. Бұл қаржыға ол домбыра жасауға қажетті құралдар сатып алып, цех орнатып, оның жанынан өнімдерін сататын дүкен ұйымдастырған. Кәсіпкер домбыраларын негізінен қара ағаштан, жидек ағашынан және қызыл ағаштан жасайтынын жеткізді. Оның айтуынша, кәсібін дөңгелетіп кетуге мемлекет тарапынан көрсетілген қолдаудың көмегі көп болған.
Өнімдерін таныстырып болған соң домбыра шеберінен аймақ басшысы Нұрлан Ноғаев жидек ағашынан жасаған үкілі домбырасын сатып алды.
Аймақ басшысы қолынан іс келетін дарындардың ауылдан көп шығатынын, оларды қолдап-қолпаштау мемлекеттің міндеті екенін, аймақтағы кәсіпкерлердің көбейе түсуі үшін жұмысты тоқтатпайтынын айтты. Ол атқарылған жұмыстардың Елбасы саясатының жемісі екендігін нықтап айтты.
Айта кетелік, ауданға сапары барысында Нұрлан Ноғаев көшпелі кеңес өткізіп облыстағы жайылымдық жерлер мен егістіктерді суландыру турасындағы түйткілді мәселелерді талқылап, осы бағытта қарамағындағыларға нақты тапсырмалар берді.
Ол, сонымен қатар, былтыр ауданға келгенде берген тапсырмаларының орындасылын талқылады. Аудан әкімі берілген 38 тапсырманың он тоғызы орындалып, он бір тапсырма орындалу үстінде екендігін, сегізінің орындалмағанын айтты.