Бүгін, 6 шілдеде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 77 жасқа толып отыр, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі. Осыдан 77 жыл бұрын Әбіш пен Әлжан Назарбаевтардың шаңырағында көптен күткен ұл өмірге келді,
Бүгін, 6 шілдеде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 77 жасқа толып отыр, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі. Осыдан 77 жыл бұрын Әбіш пен Әлжан Назарбаевтардың шаңырағында көптен күткен ұл өмірге келді,
"Сәбиге ат таңдаудың өзі жатқан бір хикаяға айналды. Тойға жиналған ағайын-туыс түрлі есімдерді тұс-тұстан айтып жатты. Ең ақырында жаңа туған ұлдың әжесі Мырзабала мынадай ұсыныс білдірді: "Менің сүйікті немерем екі бірдей есімді алып жүрсін. Оның аты Нұрсұлтан болсын", -деп жазылған Мемлекет басшысының жеке парақшасында.
Тәуелсіздік жылдары Президенттің барлық қызметі, барлық әлеуметтік-экономикалық реформалар тек халықтың игілігі үшін жасалды деп батыл айтуға болады. Қазақстанда барлық деңгейдегі жаңа оқу орындары, ауруханалар салу жалғасуда, қазақстандықтардың өмірі сапасын жақсартуға бағытталған бірқатар әлеуметтік бағдарламалар жүзеге асуда. Жүйелі түрде халықпен кездесулер өткізіп, алуан түрлі адамдармен жүздесе жүріп, Нұрсұлтан Назарбаев үнемі "ел тамырының бүлкілін" тап басып, танып отырады. Қазақстанның бірде-бір өңірін, бірде-бір ірі кәсіпорнын назарынан тыс қалдырмайды, республиканың барлық түйткілді мәселелері туралы біледі.
Оның халық қамын ойлауы жалпыхалықтық құрмет пен сүйіспеншілік ретінде өзіне қайтты деуге болады. Тәуелсіздік жылдарында еліміздің азаматтары Мемлекетіміздің басшысына терең құрметі мен берік сенімін көрсетті. Сөйтіп, 2011 жылғы Қазақстан Президентінің сайлауында Нұрсұлтан Назарбаев сайлаушылар даусының 95 пайыздан астамына ие болып, айқын жеңіске жетті.
"Жас Назарбаев соның бәрін басынан өткеріп, бәрін жеңе білді, өте жақсы білім алып, «от-жалынды» мамандықты игеріп, азамат қатарына қосылды. Елмен жұмыс жүргізетін басшылық қызметтерге сатылап жоғарылады. Тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президенті болды. Сондықтан Нұрсұлтан Назарбаевты тек «халық арасынан шықты» деп айту аз. Ол халықтың өз қанынан жаралған бір бөлшегі болатын және солай болып қала береді, сонымен қатар ол бұрын-соңды қазақ жерінде туған ең дара ұлдарының бірі екені сөзсіз", - деп жазылған Мемлекет басшысының жеке парақшасында.
Халықтың осындай қуатты қолдауы мен сенімі арқасында Президент Қазақстанды дамыған экономикасы, әлеуметтік кепілдіктері және қоғамдағы тұрақтылығы бар озық көшбасшы мемлекеттер қатарына шығара отырып, өз идеялары мен бастамаларын табысты жүзеге асырып келеді.
Нұрсұлтан Назарбаевтың атақтары мен наградалары: Мемлекет басшысының қызметінің көлемі кең және көп қырлы, тек саясат және мемлекеттік басқару салаларымен ғана шектеліп қалмайды. Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан армиясының Жоғарғы Бас Қолбасшысы, Қазақстан халқы Ассамблеясының және "Нұр-Отан" партиясының Төрағасы болып табылады. Бұл оның республиканың осы маңызды қоғамдық институттарын қалыптастырудағы және нығайтудағы орасан тарихи рөлінің заңды көрінісіне айналды.
Лауазымдық мәртебесі: Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы (Ұлт көшбасшысы); Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Бас қолбасшысы; Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің төрағасы; Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының төрағасы; Қазақстан халқы ассамблеясының төрағасы; "Нұр Отан" партиясының төрағасы; Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Шетел инвесторлары кеңесінің төрағасы; Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Кәсіпкерлер кеңесінің төрағасы; Қазақстан Республикасы Ұлттық қорын басқару жөніндегі кеңестің төрағасы;Назарбаев Университеті Жоғары қамқорлық кеңесінің төрағасы.
Сондай-ақ, Назарбаев - Қазақстанның жаңа астанасының негізін салушы. Президенттің 1998 жылдың 6 мамырындағы қаулысына сәйкес, Ақмола Астана боп өзгертілді. Ресми түрде 1997 жылдың желтоқсанында Астана ресми түрде Қазақстан астанасы болды.
Ал биыл Астана қаласы 19 жылдығын тойлап отыр.
Жақында Мемлекет басшысының есімі Астана Халықаралық әуежайына берілді. Маусым айында Нұрсұлтан Назарбаевтың құрметіне Астанадағы әуежайдың атауы өзгертілген болатын. Сондай-ақ, Президенттің есімімен елімізде Назарбаев Университеті бар.