Нұрсұлтан Назарбаев Иран Президенті Хасан Руханимен телефон арқылы сөйлесті, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Ақорданың ресми сайтына сілтеме жасап.
Нұрсұлтан Назарбаев Иран Президенті Хасан Руханимен телефон арқылы сөйлесті, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Ақорданың ресми сайтына сілтеме жасап.
Екі мемлекет көшбасшылары Қазақстан-Иран серіктестігінің басымдығы бар бағыттарын талқылады. Тараптар халықаралық ұйымдар аясындағы саяси диалог пен жемісті өзара іс-қимылдың жоғары деңгейін атап өтті. Бұдан бөлек, сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық аясын одан әрі кеңейту мәселелері жөнінде пікір алмасылды.
"Иран Президенті елдеріміздің арасындағы сан ғасырлық достық пен өзара тиімді ынтымақтастыққа негізделген қарым-қатынас алда да Қазақстан мен Иранның достас халықтарының мүддесіне игі қызмет ете беретініне сенім білдірді", - делінген Ақорданың баспасөз хабарламасында.
Сонымен қатар, Иран басшысы Рухани Нұрсұлтан Назарбаевты президент сайлауындағы жеңісімен және қызметіне кірісуіне байланысты құттықтады.
Еске сала кетейік, 2014 жылдың қыркүйегінде Ақордада Нұрсұлтан Назарбаев пен Хасан Руханидің кездесуі өтті. Тараптар Иранның ядролық мәселелерін талқылады. "Қазақстан Иран Ислам Республикасына әлемдегі маңызды әріптестердің бірі әрі Каспий жағалауындағы тату көрші ретінде қарайды. Біз Сізді Ирандағы үлкен мәселенің - ядролық бағдарлама түйткілінің сәтті шешілуіне және келісімдерге келуге қол жеткізеді деп сенеміз. Мұның Иран экономикасының дамуына және біздің өзара қарым-қатынасымызға әсер ететіні белгілі", - деді Нұрсұлтан Назарбаев.