Президент Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқын Жаңа 2015 жылмен құттықтады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Президент Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқын Жаңа 2015 жылмен құттықтады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
"Жаңа жыл - баршаға жан шуағын сыйлайтын жайдары мереке. Жыл сайын біз оны үкілі үмітпен, игі тілекпен қарсы алып, толайым табыспен шығарып саламыз. Әлемдік экономикадағы бүгінгі қиындыққа қарамастан, биыл да әл-ауқатымыз арта түсті. Өтіп бара жатқан жыл дамудың келесі кезеңіне бастайтын оқиғалармен айшықталды. Біз алдағы жылы күш-қуатымызды еселейтін ауқымды нарықтың есігін ашамыз. Бағдарымыз белгілі, таңдауымыз айқын, мақсатымыз биік, баршаға шұғыла шашатын "Нұрлы жол" бүкіл еліміздің күретамырына айналды", - деді Елбасы.
Жылдардың ауысуы өткеннен келешекке жасалатын қадам екенін айтқан Мемлекет басшысы 2014 жылы қазақстандықтардың алға қойылған мақсаттарға жақындай алғанын атап өтті. "Осы уақыт ішінде сіздердің көбіңізбен: жаңа жол салынып, жаңа өмірді бастаған аудандар тұрғындарымен, адам денсаулығын құтқару үшін жаңа жабдыққа қол жеткізіп қуанған дәрігерлермен, жаңа мектептердің жарық бөлмелеріне кірген мұғалімдермен және оқушылармен, жаңадан ашылған кәсіпорындардың инженерлерімен және жұмысшыларымен, жылдан жылға еліміздің нанын ұлғайтып жатқан ауыл шаруашылығы жұмысшыларымен, талантты жастармен және тәжірибелі ардагерлермен кездестім. Біз бәріміз бірге айналамыздағы өмірді жақсарттық", - деді Назарбаев.
Құттықтау сөзінде Елбасы алдағы жылы ел тарихы үшін елеулі оқиғалар болатынын айтып, оларды бірлік пен татулықта атап өту қажеттігін жеткізді. "Қымбатты отандастар! Келер жыл - терең тарихымызға, құқықтық негізімізге, берекелі бірлігімізге құрмет көрсететін жыл. Ынтымағы жарасқан халқымыз осы айтулы оқиғаларды лайықты атап өтеді деп сенемін. Қазақ халқы қой төлін ежелден құт-берекенің басы деп білген. Ендеше алдағы қой жылы молшылық пенен ырысын ала келсін! Еліміздегі әр шаңырақтың дәулеті мен сәулеті артып, татулығымыз нығая берсін!" - деді Мемлекет басшысы.