Нью-Йоркте Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған велошеру өтті, - деп хабарлайды 24 Хабар.
Нью-Йоркте Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған велошеру өтті, - деп хабарлайды 24 Хабар.
Оған АҚШ-тағы отандастарымыз, студенттер мен дипломаттар қатысқан. Қазақстандық команданы атақты велошабандоз, Олимпиада чемпионы Александр Винокуров бастап барды.
Велошеруге еліміздің Нью-Йорктегі Бас консулдығы ұйытқы болып, Қазақстан-Америка альянсы қолдау көрсетті. Бұл жан алып, жан берісетін спорттық сайыс емес. Сондықтан қатысушылар арасында тәжірибесі аз адамдар мен балалар да болды. Тағылымды шараны әлемдік жарыстарда еліміздің әнұранын асқақтатып, туымызды биікте желбіреткен Александр Винокуров бастады.
"Туымызды желбіретіп, Нью-Йорк төрінде велосипед тебеміз деп 25 жыл бұрын кім ойлаған?! Осындағы Орталық саябақта жүргеннің өзі бір ғанибет! Ерте тұрып, саябақ ішінде жүгіріп, айналаны көріп алғам. Адамдар қаптап жүр. Спортты бұқаралық сипатта дамыту дегеніміз осы. Біздің елімізде де салауатты өмір салтын кеңінен насихаттауға көп көңіл бөлініп жатыр. Игі істің жарқын үлгісі - әлемді шарлап жүрген біздің "Astana Pro Team" командамыз", - деді Олимпиада чемпионы Александр Винокуров.
Александр демалысын алғаш рет Америкада өткізіп жатыр. Нью-Йорктегі велошеруге егіз ұлдары Николя мен Александр қатысты. Олар атақты әкелерімен бірге Бурабай тас жолында велосипедпен талай жүргендерін айтады. Міне, енді Нью-Йоркте Отанының Тәуелсіздік алғанына 25 жыл толған мерекесін атап өтті.
"Бүгінде біздің жігіттер "Хайнань турына" қатысып жатыр. Алексей Луценко көшбасшының жасыл жейдесін киіп, кезеңнің үздігі атанды деген сүйінші хабар алдық. Бұл жеңіс Тәуелсіздік күніне арналады. Бұл "Астана" командасының 10-маусымы. Осы қарқынымыздан тая қоймаспыз деп есептеймін. Ұлық мереке құтты болсын! Еліміздің туын көкте желбіреткендерге сәттілік серік болсын! Велошеруге қатысқандар Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың антиядролық бастамалары және EXPO мен "Астана" халықаралық қаржы орталығының белгілері бейнеленген жейделер киіп, көпшілік көзайымына айналды", - деді Олимпиада чемпионы Александр Винокуров.