Блогерлер Ерболат Жанәбілов пен Эльмира Төлегенованың ісі бойынша сот процесі мәресіне жетті. Жұма күні, 24 сәуірде Эльмира Төлегенова сотта соңғы сөзін айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Эльмира Төлегенова соттан өзіне және жұбайына бас бостандығынан айырумен байланысты емес жаза тағайындауды сұрады.
"Болған жағдай үшін толық жауапкершілікті сезінеміз. Өзіміз үшін үлкен қорытынды жасадық, бұл бізге өмірлік сабақ болды. Заң бұзғанымызға шын жүректен өкінеміз. Маған және жолдасыма қатысты кешіріммен қарап, бас бостандығынан айырумен байланысты емес жаза тағайындауыңызды сұраймын", - деді Төлегенова.
Сотталушы өзінің соңғы сөзінде сот кеңесу бөлмесіне кеткенге дейін прокурормен мәміле жасасу туралы өтінішхат берді.
Айта кетейік, Жанәбіловтер отбасы кеше сотта соңғы сөзін айтуы керек еді, бірақ олардың адвокатының сөзінше, Төлегенова денсаулығына байланысты келме алмаған. Сондықтан сот отырысы бүгінге қалдырылды.
Бір жылға дейін кейінге қалдыру: прокурор Жанәбіловтердің ісі бойынша ұстанымын айтты
Жанәбіловтерге қандай айып тағылды?
Танымал блогерлерге Қылмыстық кодекстің 214-бабы 2-бөлігі 2-тармағы "Заңсыз кәсіпкерлік" және 218-бабы 2-бөлігі 1-тармағы "Қылмыстық жолмен алынған ақшаны және (немесе) өзге мүлікті заңдастыру (жылыстату)" бойынша айып тағылған.
Прокурор блогерлерге қандай жаза сұрады?
Сот жарыссөзі барысында мемлекеттік айыптаушы Олжас Хайруллаев екі сотталушыны да тағылған барлық бап бойынша кінәлі деп тануды және мүлкін тәркілей отырып, ең төменгі қауіпсіздік мекемесінде 4 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Бұл ретте Эльмира Төлегенованың кішкентай балалары болуына байланысты оған қатысты үкімнің орындалуын бір жылға шегеру ұсынылды.
Блогер Жанәбіловтердің соты
16 наурызда Астанада елордалық блогерлер Ерболат Жанәбілов пен Эльмира Төлегенованың ісі бойынша басты сот талқылауы басталды. Ерлі-зайыпты сот отырысы кезінде журналистердің видео және суретке түсіруіне қарсы шықты.
"Үлкен балам мектепке барады, балама жеке өмірімізге қатысты орынсыз сұрақтар қойылады", - деп Төлегенова мұндай шешімнің себебін журналистерге түсіндірді.
Блогерлердің адвокаты сот талқылауын жабық режимде өткізу туралы өтініш білдірді, прокурорлар бұған қарсылық білдірді. Нәтижесінде сот өтінішті қанағаттандырудан бас тартты. Сондай-ақ сот отырысы кезінде Жанәбіловтердің адвокаты соттан істі прокурорға қайтаруды сұрады.
Бұған дейін сотта прокурордың аға көмекшісі Олжас Хайруллаев айыптау актісін оқыды. Онда акциялар аясында көрсетілген ұтыстар пен сыйлықтар қатысушылардың ақшасына сатып алынғаны, алайда жарнамада ұтыс қоры ұйымдастырушылардың өз қаражаты есебінен қалыптасқандай көрсетілген. Тергеу мәліметі бойынша, акциялар өткізілген кезеңде жобамен байланысты есепшоттарға 247 миллион 653 мың теңге түскен.
22 сәуірде Астана сотында сот тергеуі аяқталды. Блогерлер Ерболат Жанәбілов пен Эльмира Төлегенованың ісі бойынша жарыссөз барысында прокурор оларға нақты жаза мерзімін сұрады.
Еске сала кетейік, 14 сәуірде сотта блогер Эльмира Төлегенова кінәсін ішінара мойындады. Бұған дейін процесс барысында блогер Ерболат Жанәбілов жауап берген. Ол да сотта кінәсін ішінара мойындап, көзіне жас алған болатын.
"Мен неге дәл біз екенін түсінбеймін. Бұл ата-анамызға өте ауыр тиіп жатыр. Мен түсінбеймін: бәлкім, біреудің жолын кескен шығармыз? Менің орнымда кез келген адам болуы мүмкін. Бүгін болмаса, ертең. Мен тіпті жауларыма да мұндай жағдайға тап болып, сот алдында тұруды тілемеймін", - деді ол.