ОҚО-да Жергілікті полиция қызметінің басшысы ауысты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі ОҚО әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
ОҚО-да Жергілікті полиция қызметінің басшысы ауысты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі ОҚО әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының кезекті он бірінші сессиясында ҚР ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовтың ұсынысымен, облыстық мәслихат депутаттарының келісімімен және облыс әкімінің өкімімен ОҚО ІІД жергілікті полиция қызметінің бастығы лауазымына Әбдіғани Сейдуалиев тағайындалды", - делінген хабарламада.
Әбдіғани Сейдуалиев 1973 жылы туған, білімі жоғары. Қазақ мемлекеттік заң академиясын тәмамдаған. Ішкі істер органдарында 1995 жылдан бастап қызмет етіп келеді. 2017 жылдың ақпан айынан бастап бүгінгі күнге дейін ОҚО ІІД Әкімшілік полиция басқармасының бастығы лауазымында қызмет еткен.
Айта кетейік, Жергілікті полиция қызметі Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың Ұлт жоспары - "100 нақты қадам" негізінде құрылған. Жергілікті полиция бұдан былай өңірдегі заң бұзушылықтарды анықтауға, зерделеуге және жоюға бағытталған шараларды ұйымдастырады.Сондай-ақ, жергілікті полиция қоғамдық тәртіпті қадағалап, жол жүрісі мен оның қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.
Сессия барысында облыстық кәсіпкерлік, индустриялды-инновациялық даму және туризм басқармасының 2016 жылы атқарған жұмыстары жөніндегі есебі, Шымкент пен Арыс қалаларының көшелеріне атау беру жайы қаралды.
Сонымен қоса, мәслихаттың отырысында ОҚО сотының төрағасы Н.Шәріпов, ОҚО бойынша Соттар әкімшісінің басшысы О.Лештаев және Созақ аудандық ауруханасының бас дәрігері М.Жақсыбергеновтер Оңтүстік Қазақстан облысының Құрмет грамотасымен наградталса, аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Ә.Өміралиев, еңбек ардагері Ш.Усмановтар облыс мәслихатының Құрмет грамотасымен марапатталды.