ОҚО-дағы бала мен оның анасының қорғаушысы Құрманғазы Мүсір әлеуметтік желіде тараған жанжал аясындағы саяси сипатқа ие ақпараттарды қасақана арандатушылық деп атады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
ОҚО-дағы бала мен оның анасының қорғаушысы Құрманғазы Мүсір әлеуметтік желіде тараған жанжал аясындағы саяси сипатқа ие ақпараттарды қасақана арандатушылық деп атады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
"Біз баланың құқығын қорғауға ғана мүдделіміз, ал БАҚ арқылы баланың құқығы мен тергеуге қатысы жоқ мәселелерді жандандыра түсуге ниеттілерді біз арандатушылық деп есептейміз. БАҚ пен Интернеттегі ақпараттарды сараптайтын болсаңыз, бұл ақпараттың барлығы қай жағынан бос сөзге айналатынын түсінесіз. Мұны қоғамдағы саяси ойынға айналдырып, істің негізгі төркінінен назарды басқа жаққа бұрғылары келеді", - деп мәлімдеді Мүсір Астанада өткен брифингте.
"Бала анасымен қауышқан кезде оның жағдайы қанағаттанарлық еді, көңіл-күйі де жақсы, көтеріңкі болды. Ал кешкілік шұғыл түрде алып кету туралы айтатын болсақ. Біз "Асыл бала" орталығына 18.00 шамасында хабарластық, демек, әлі күндіз болатын. Бірақ, баланы туған анасына беруге келгенде қиындықтар туындады, сөйтіп ол бес сағаттан ұзақ уақытқа созылды. Біз таза құқықтық алаңда күрестік", - деп түсіндірді Мүсір.
Мүсірдің айтуынша, ол баланың ісімен ІІД-ге арыз келіп түскен күннен бастап айналысып жатыр.
"Сол кезден бастап, екі айдан бері, мен жалғыз өзім саты-сатымен күресіп келемін: аудан көлемінде, облыс, одан кейін республика көлемінде. Осы кезде қоғам белсенділері, блогерлер көмек қолын созды. Мұның барлығы баланың құқығын қорғау үшін ғана жасалды. Сол үшін ғана", - деді адвокат.
Айта кетейік, бала қазір анасымен бірге Астанадағы "Асыл бала" қоғамдық қорының қамқорлығында.