15 қараша 2016 15:48

Олжас Сүлейменов Қазақстандағы экологиялық зардаптардың себебін атады

ПОДЕЛИТЬСЯ

Олжас Сүлейменов. © olzhas1001.com Олжас Сүлейменов. © olzhas1001.com

Қазақ жеріндегі экологиялық зардаптар саяси сауаты жоқ мәдениеттің кесірінен туындап отыр. Бұл пікірді бүгін Астанада "Байтақ болашақ" қоғамдық бірлестігі ұйымдастырған баспасөз мәслихатында белгілі қоғам қайраткері Олжас Сүлейменов айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі бірлестіктің мүшелеріне сілтеме жасап.


Қазақ жеріндегі экологиялық зардаптар саяси сауаты жоқ мәдениеттің кесірінен туындап отыр. Бұл пікірді бүгін Астанада "Байтақ болашақ" қоғамдық бірлестігі ұйымдастырған баспасөз мәслихатында белгілі қоғам қайраткері Олжас Сүлейменов айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі бірлестіктің мүшелеріне сілтеме жасап.

"Мен "Байтақ болашақ" тәрізді альянстың құрылуын құптаймын. Экология мәселесі мемлекеттің ғана емес, жалпы қоғамның бас ауруы болуы тиіс. Сондықтан қоғамдық ұйымдардың құрылғаны дұрыс. Жақында ғана АҚШ-та өткен сайлауда Трамп не нәрсеге көп мән бергенін жақсы білеміз. Ол өзінің сайлауалды бағдарламасында экология мәселесіне баса назар аударатынын көрсетті", - деді Олжас Сүлейменов.

Қоғам қайраткерінің айтуынша, қазіргі уақытта экология мәселесіне келгенде су ресурстарына көптеп көңіл бөлген дұрыс.

"Біз Қазақстандағы экология мәселесін қозғағанда қоршаған ортаны ластап отырған қалдықтармен қатар су ресурстары мәселесіне де баса назар аударуымыз керек. Құрдымға кеткен Арал теңізі туралы кезінде жазбаған жазушы қалмады. Жыларман күйде болдық. Бірақ, "Аралды құтқарамыз" деген көпшілік оның себебіне назар аудармады. Арал теңізі саясаттың құрбаны болды. Бұл саясатты Никита Хрущев жасады. Ядролық қарумен күш алғысы келген Хрущевтің саясаты экологияға көп зардабын тигізді. Мұнысымен қоймай, теңіз суын мақта шаруашылығына пайдаланды. Пайдаланғанда да есепсіз пайдаланды. Мұның бәрі менің көз алдымда болды. Дінмұхамед Қонаевты осындай әрекеттерге қарсылығы үшін орнынан алып, өз дегенін жүргізе берді. Өзбекстанда жаңадан су қоймасын салып, Сырдарияның суының берекесін кетірді. Осының салдарынан миллиондаған гектар жер тұзданып, сорға айналып шыға келді. Нәтижесінде, жердің құнарын кетірді, Аралға қасірет әкелді. Ал, мақта шаруашылығы мүлде дамыған жоқ. Міне, солақай саясат пен тиімсіз экономиканың салдары осындай күйге түсірді. Мұны саяси мәдениттің де болмауынан деп түсінуге болады. Енді біз Аралды қалпына келтіруді ойлап жүрміз. Қазіргі уақытта Сырдарияға су келгенімен Аралға жетпей жатыр. Бұл мәселе экологтардың ғана емес, жалпы қоғамның бас ауруы екенін ұмытпаған жөн", - деп атап өтті.

Сонымен қатар, Олжас Сүлейменов қазіргі мал шаруашылығының табиғатын түсінбеушіліктің салдары көптеген қателікке әкеліп соқтырып жатқанына алаңдаушылық білдірді.

"Біздің жерімізде шөл даланың үлесі артып келе жатқанын байқауға болады. Бұл негізінен шаруашылықты тиімді ұйымдастыра алмаудан туындап отыр. Азғантай көлемдегі жерге малшыны отырғызып қойып "малыңды осы жерге ғана бағасың" дейді. Малшы ол жерге 1-2 жыл қатарынан мал жайған соң ол жер сортаңға айналады. Артық шөп өспейді. Өсуіне мүмкіндік жоқ. Міне, мал шаруашылығының табиғатын түсінбеудің өзі экологияға зардабын тигізіп отыр. Мұның бәрі сауатсыздықтан туындайтынын айтқым келеді", - деді О.Сүйлейменов.

Айта өтейік, бүгін Астанада "Байтақ болашақ" альянсы" қоғамдық ұйымының төрағасы Азаматхан Әміртайдың жетекшілігімен баспасөз мәслихаты өтті. Альянс алдағы уақытта қоғамның қоршаған ортаның алдындағы жауапкершілігін арттыру үшін жұмыс істеуді жоспарлап отыр.

Читайте также
Join Telegram

Валюта бағамы

 443.2   490.7   4.82 

 

Ауа райы

 

Редакция Жарнама
Социальные сети