Оңтүстік Корея президенті Мун Чжэ Ин Қазақстан халқына Кореяның ұлттық батырлары Ге Бонг У, Хван Ун Ден мен генерал Хон Бон До мүрдесін қайтаруға көрсеткен көмегі үшін алғысын білдірді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Ақорда сайтына сілтеме жасап.
Оңтүстік Корея президенті Мун Чжэ Ин Қазақстан халқына Кореяның ұлттық батырлары Ге Бонг У, Хван Ун Ден мен генерал Хон Бон До мүрдесін қайтаруға көрсеткен көмегі үшін алғысын білдірді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Ақорда сайтына сілтеме жасап.
Тараптар қазақ-корей стратегиялық әріптестігін одан ары дамытудың перспективаларын жан-жақты талқылады. Сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайтуға ерекше көңіл бөлінді.
Қасым-Жомарт Тоқаев Президент Мун Чжэ Инге корей жерінде көрсетілген құрмет пен қонақжайлығы үшін ризашылығын білдірді. Мемлекет басшысы 2019 жылы Нұр-Сұлтан қаласында өткен кездесудің қазақ-корей қарым-қатынасына тың серпін бергенін айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев Оңтүстік Корея Қазақстанның Азиядағы ең маңызды стратегиялық әріптесі екенін айтты.
"Бүгінде Қазақстанның экономикасына 6 млрд доллардан астам корейлік инвестиция тартылған. Инвестиция тарту ісін бұдан былай да жалғастыра беру керек деп ойлаймын. Мен осыдан екі жыл бұрын өзара байланыстарымызды арттыру үшін ауқымды жоба құру керек екенін Сізге айтқанмын. Қазір Қазақстанда кореялықтар қаржы салған 550 компания жұмыс істеп жатыр. Олардың арасында Samsung, Hyundai, Lotto, Posko және тағы басқалары бар. Өте жақсы институционалды база қалыптасқан, үкіметаралық комиссия мен іскерлік кеңес жұмыс істеп жатыр", - деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы кореялық әріптесіне коронавируспен күресте көрсеткен гуманитарлық көмегі үшін алғыс айтып, қазақстандық QazVac вакцинасы туралы ақпаратпен бөлісті. Қасым-Жомарт Тоқаев Оңтүстік Кореяның жоғары технологиялар мен денсаулық сақтау саласын дамыту тәжірибесіне қызығушылық танытты.
Оңтүстік Корея Президенті пандемия басталғалы бері осындай жоғары деңгейдегі кездесуді ең бірінші болып Қазақстан Президентімен өткізіп жатқанын айтты.
"Сізді көп күткен аса қадірлі қонақ ретінде күтіп алғаныма қуаныштымын. Біздің кездесуіміздің Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен Корей Республикасы Тәуелсіздігінің 76 жылдығы қарсаңында өтіп жатқаны аса маңызды", - деді Президент Мун Чжэ Ин.
Оңтүстік Корея Президенті Мун Чжэ Ин Қасым-Жомарт Тоқаевқа және Қазақстан халқына Кореяның ұлттық батырлары, ел тәуелсіздігі үшін күрескен Ге Бон У, Хван Ун Дена және генерал Хон Бон Доның сүйектерін тарихи Отанына жеткізуге ықпал еткені үшін ризашылығын білдірді.
Корей басшысы аймақтық және халықаралық үдерістерде Қазақстанның аса маңызды рөл атқаратынын атап өтті.
"Қазақстан Тәуелсіздік алғаннан кейін сыртқы саясатта ашық әрі тығыз байланыс орнатып, белсенділік таныту арқылы Орталық Азиядағы қырқынды дамушы мемлекетке айналды. Сонымен қатар Қазақстан Азиядағы өзара ынтымақтастық және сенім шаралары жөніндегі кеңес арқылы және Дүниежүзілік сауда ұйымындағы министрлер конференциясының теңтөрағасы ретінде де көпжақты ынтымақтастықтың әртүрлі тетіктерінде белсенді көшбасшылық танытып келеді. Қазақстан Корея Республикасының Орталық Азиядағы ең алғашқы сауда және инвестициялық әріптесі. Елдеріміз арасындағы дипломатиялық байланыстар орнаған 30 жыл ішінде біздің қатынасымыз тек қана достық пен ынтымақтастыққа негізделді. Тіпті, пандемия кезінде де біз барлық деңгейде сырттай байланыс орнатып отырдық. Қазақстан Кореяның "Жаңа солтүстік саясат" мемлекеттік стратегиясында аса маңызды әріптес. Біздің өзара ынтымақтастығымыздың әлеуеті бұнымен де бітпейді деп есептеймін", - деді Оңтүстік Корея Президенті.
Мун Чжэ Ин екі елді байланыстыратын ерекше қарым-қатынастарды айтты.
"Корей халқының Қазақстан халқына деген ықылас-пейілі ерекше. Біз үшін Қазақстан Еуразия құрлығының орталығы болып саналады. Біздің халықтарымыздың тарихи байланысы сонау Ұлы Жібек жолынан тартып, кейінгі этникалық корейлерді Қазақстанға жер аударумен жалғасты. Біз Қиыр Шығыстан жер аударылып барған корейлерді өзінің ыстық құшағын жайып қарсы алған қазақ халқының кең пейілдігін ешқашан ұмытпаймыз, алғысымыз шексіз", - деді Оңтүстік Корея Президенті.
Келіссөздердің қорытындысы бойынша мемлекеттер басшыларының қатысуымен бірқатар екіжақты құжатқа қол қойылды:
1. Қазақстан Республикасы мен Корея Республикасының Бірлескен мәлімдемесі (ауызша қабылданды);
2. Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі мен Корея Республикасының Ішкі істер және қауіпсіздік министрлігі арасындағы мұрағат ісі саласындағы өзара түсіністік туралы меморандум;
3. Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрлігі мен Корея Республикасының Сауда, индустрия және энергетика министрлігі арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум;
4. Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі мен Корея Республикасының Қоршаған орта министрлігі арасындағы су ресурстарын басқару саласындағы өзара түсіністік туралы меморандум;
5. Қызылорда облысы әкімдігі мен Корея Республикасының Ардагерлер мен патриоттар жөніндегі агенттігі арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум;
6. "Самұрық-Қазына" ҰӘҚ" АҚ мен Корея халықаралық сауда қауымдастығы (KITA) арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!