Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ағымдағы жылдың наурыз айында Батыс Қазақстан облысына келген сапары кезінде Орал қаласында көпсалалы спорт кешенін салу мәселесін пысықтауды тапсырған болатын.
Кеше облыс әкімі Нариман Төреғалиев пен "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев өңірдегі ең ірі спорт кешенінің алғашқы іргетасын қалады. Салтанатты шарада сөз алған облыс әкімі өңірімізде спорттың оң қарқынмен дамып келе жатқанын атап өтті.
"Облыста бұқаралық спортты және дене шынықтыруды дамытудың 2022-2025 жылдарға арналған жоспары әзірленіп, онда спорт нысандарын салу да қарастырылған. Президентіміз өз Жолдауында бұқаралық спортқа, дене тәрбиесіне басымдық беріп, әр облыста, ірі аудан орталықтарында спорт үйірмелерін көптеп ашу қажеттігін айтты. Осы орайда салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес өңірдегі 12 ауданның 9-ында спорт кешендері салынып пайдалануға берілді. 2024 жылдың соңына дейін біз барлық ауданды дене шынықтыру-сауықтыру кешенімен қамтитын боламыз. Сондықтан бүгін іргетасы қаланған көпсалалы спорт кешені облыстағы спорттың дамуына үлкен серпін беретініне сенімдімін", – деді Нариман Төреғалиев.
Қазіргі таңда өңір спортшылары көпфункционалды спорт ғимаратының жоқтығына қарамастан, түрлі ареналарда бақ сынап, жерлестерін қуантып жүр. Соңғы екі жылда облыстың 33 спортшысы әлем, 14-і – Азия, 479-ы Қазақстан чемпионы атанған. Самбодан төрт дүркін әлем чемпионы атанған Ерболат Байбатыровтың айтуынша, бұл нысанның салынуы облыс спортының дамуына орасан зор үлес қосары сөзсіз.
Айта кетейік, спорт кешенінің құрылысы тамыз айында басталып, 2024 жылдың аяғында салып бітіру жоспарланған. Жобаның шамамен құны17,9 млрд теңгені құрайды.