Бейсенбі күні оралдықтар "Мерейлі отбасы - 2022" республикалық байқауының облыстық кезеңіне қатысқан жерлестерімізді құттықтады.
Бейсенбі күні оралдықтар "Мерейлі отбасы - 2022" республикалық байқауының облыстық кезеңіне қатысқан жерлестерімізді құттықтады.
Салтанатты жиынға барлығы 19 үлгілі отбасы жиналды. Мейрамхана залында әр отбасына бөлек дастарқан жайылып, мерекелік атмосфера орнаған. Еркін сипатта өткен іс-шарада сөз алған облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов "Мерейлі отбасы" сынды байқаулардың отбасылық құндылықтарды арттырып, ұлттық салт-дәстүрді дәріптеуде айтарлықтай маңызы бар екендігін атап өтті.
"Жыл сайын байқауға қатысатын отбасылардың саны артып келеді. Биылдың өзінде 130-дан астам отбасы бақ сынады. Облыстық кезеңнің үздіктерін құттықтай отырып, мазмұнды іс-шараларды ұйымдастыруға үлес қосқан бірқатар үкіметтік емес ұйымдарға ризашылығымды білдіремін", – деген Бақытжан Хаберұлы әр шаңыраққа, амандық, табыс тіледі.
"Мерейлі отбасы" байқауының облыстық кезеңінде үшінші орынға ие болған сырымдық Шүйінішқалиевтер отбасыға - 750 000 теңге, екінші орын алған жаңақалалық Сахметовтер жанұясына - 1 000 000 теңге, бірінші орын бұйырған казталовтық Халықовтар әулетіне 1 500 000 теңге қаржылай сыйақы табыс етілді.
Айта кетсек, жеңімпаз отбасының отағасы, 72 жастағы ақсақал Меңдіхан Халықұлы - педагогика саласының ардагері, Қошанкөл ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы. Ол - зайыбы Тойған Шотқызымен бірге 5 бала тәрбиелеп өсіріп, 12 немере сүйіп отырған елге сыйлы қария.
Байқаудың облыстық кезеңіне қатысқан барлық отбасыға алғысхаттар мен арнайы сыйлықтар табысталды.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!